Еңбек адамдарының денсаулығын қолдау мәселесінде шешім табылды

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облысының үшжақты комиссиясының отырысында «Кәсіптік ауруды анықтау бойынша, оның ішінде тау-кен металлургия саласының кәсіпорындарында жұмыскерлердің құқықтарын бұзу жағдайы туралы» мәселе қаралды.

2020 жылдың маусым айында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты осы жылдың басынан бастап өндірісте өзінің кәсіби сырқатын дәлелдей алмаған кеншілердің өтініштері жиілеп кетті.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің қатысуымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті шахталары өкілдерінің еңбек жағдайларының санитарлық-эпидемиологиялық сипаттамасын беру және халықтың инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулары мен улану жағдайларын тексеру қағидаларына толықтырулар енгізу жөніндегі мәселесін шешуде Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығы мен «Қорғау» көміршілер кәсіподағының бастамасы бойынша құрылған кеңейтілген форматтағы жұмыс тобының отырысы өтті, онда жаңа ережелердің күші жойылған (жоғалған) және бекітілген кезде пайда болған техникалық қайшылықтарды жоюдың нақты мерзімдері анықталды.

Жұмыс тобының мүшелері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлескен жұмыстың нәтижелілігін атап өтті.

Аталған мәселені шешуге Қарағанды облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов белсенді қатысты.

Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Болат Алпыспаев және «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ кәсіби Денсаулық клиникасының бас дәрігері Айгүл Аманбекова комиссия мүшелерін еңбек жағдайларының санитарлық-эпидемиологиялық сипаттамаларын берумен байланысты орын алған мәселелер туралы хабардар етті.

Аталған мәселені талқылауға Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Ирина Любарская, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова, Саран қаласы әкімінің орынбасары Маргарита Блок, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өкілі, Сараптамалық топтың қоғамдық-саяси жұмысы жөніндегі сарапшысы, жұмыс берушілер кеңесінің төрағасы Серік Торыбаев, Еркін кәсіподақтар Достастығының төрағасы Сергей Белкин және Қарағанды облысының Кәсіподақтар коалициясы «Аманат» ӘКК» төрағасы Құдайберді Оспанов қатысты.

Экономиканың негізін тау-кен металлургия саласының ірі кәсіпорындары құрайтын Қарағанды облысы теріс көрсеткіш, өндірістік жарақаттанумен және кәсіптік аурулармен байланысты өндірісте зардап шеккендердің ең көп санына ие болғандықтан, қауіпті және ауыр жұмыс учаскелерінде денсаулығынан айырылған еңбек адамдарын қолдау және қалпына келтіру үшін Қарағанды өңірінде Республикалық оңалту орталығын ашу қажеттігі анықталды.

P. S. Кәсіподақтар орталығының өкілдері әлеуметтік әріптестік шеңберінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбеновпен жұмыс кездесуіне қатысып, онда тау-кен металлургия кәсіпорнының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.