Ақтөбеде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысында жұмысшылардың еңбек құқықтары қорғалды.
Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтың қатысуымен өткен басқосуда Ақтөбеде бірнеше кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алу, жалақы берешегін болдырмау т.б. мәселелер қаралды. Ең бастысы – облыс аумағындағы ірі кәсіпорындарда өндірістік жарақаттың алдын алу мен еңбекті қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар Темір, Мұғалжар және Хромтау аудандарындағы еңбек қтынастарын реттеу бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Мәселен, маусымның 16-да Ақтөбе облысы аумағындағы 180-ге тарта жұмысшысы бар қиыршық тас шығаратын зауыттың цех жұмысшылары, барлығы 11 адам наурыз-сәуір айындағы жалақы берешектерін өтеу, зиянды өндіріс болғандықтан, жұмыс киімімен және сүт өнімдерімен қамту мәселелерін көтеріп, талаптарын білдірген болатын. Жұмыс берушілер қалыптасқан жағдайды «Темір жол жөндеу» серіктестігінен тапсырыс болмағандықтан, 2020 жылдың қарашасынан бастап жалақы берешегі жиналып қалғанын айтады. Бұл мәселе үшжақты комиссияда қаралып, олардың 138 жұмысшыға 31 млн теңгеден астам жалақы берешегін жою мәселесі қарастырылды. Заңды тұлғаға ҚР Әкімшілік кодексінің 87-бабының 1-ші бөліміне сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Жағдай – кәсіподақтардың бақылауында.
Отырыста «Бектурова Ж.А.» логистика қызметін көрсететін жеке кәсіпкерге қарасты мекеменің 50 жұмысшысының талабы да қаралды. Олар жалақыны көтеру, басқа әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселесін көтерді. Жұмысшылардың талаптарын орындау жайы – бақылауда.
Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік жағдайдың шиеленісуінің негізгі себептері – жалақының төмендігі немесе жалақыны кешіктіру және өндірісте жұмысшыларға қолайлы жағдай жасамау. Қазірде кәсіпорындардың ұжымдық шарттары жаңартылып, меморандумдар жасалуда. Облыста 3124 меморандумға қол қойылып, жыл басынан бері 362 ұжымдық шарт жасалды. Ақтөбеде жыл басынан бері 45 еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамау фактілері тіркелген. Облыста үстіміздегі жылдың 6 айында жазатайым оқиғалардан 8 адам қайтыс болып, 47 жұмысшы түрлі жарақаттар алған. Соның ішінде 10 адам жол көлік оқиғаларынан зардап шеккен.
Ақтөбеде « Казхром» трансұлттық компаниясының Хромтаудағы Дөң-кен байыту комбинатында 6 жазатайым оқиға тіркеліп, 1-уінде жұмысшы қайтыс болған. Арнайы комиссияның тексеруі нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз екені анықталды. Шахта құрылғыларының тоқтаусыз сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған және жұмыс орнында құралдарды пайдалану, қондырғылардың ақауы күн сайын жіті тексеріліп тұрмағаны анықталды.
Облыстық үшжақты комиссия отырысында көтерілген мәселелер нақты шешімін табатын болды. Әсіресе, кәсіподағы жоқ мекемелерге жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау жөнінде еліміздегі заңнама талаптары толық айтылды. Ақтөбе өңіріндегі ірі өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері кәсіподақтардың жіті бақылауына алынды. Әр мекеменің басшысы жеке тыңдалып, түйткілді мәселелерді шешу жолдары толыққанды қарастырылып, жұмыс берушілерге орындау мерзімі бекітілді. Талап бар жерде, тәртіп те болмақ. Кәсіподақ жетекшілері бұл мәселелерді басты назарда ұстайтындықтарын жеткізді.