Өздеріңізге мәлім, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Кәсіподақтар федерациясы отыз жылдық еңбек өтіліне ие, тәуелсіздік құрдастары болып табылатын еңбек адамдарына ақпараттық, жан-жақты жобалық байқаулар арқылы қолдау білдіруде. Бүгінгі «Еңбеккер бейнесі» айдарында №16 жалпы орта білім беретін мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, еңбек ардагері Сұлубике Дәулетова туралы айтатын боламыз.
Дәулетова Сұлубике Мырзагерейқызы 1984 еңбек жолын Орал қаласындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінде бастаған еді. Ең қызығы сол, өзінің алғаш бастаған еңбек ұжымында бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келеді. Жалпы еңбек өтілі – 30 жыл. Бір салада, бір еңбек ұжымында ұзақ жылдар бойы қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықтың айқын белгісі деп білеміз. Еске сала кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек ардагерлерін, үлгілі еңбек жолдарын насихаттау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, бағалау жұмыстарына ерекше мән береді.
Сұлубике Дәулетова – нағыз шығармашылықтың адам. Педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп, өзінің пәнін тереңінен зерттеп, өзіне ғана емес өзгеге де қызықтыра білген тәжірибелі маман. Әр жыл сайын өзінің біліктілігін халықаралық, республикалық, облыстық додаларда шыңдап, марапаттарға ие болған. 2017 жылы Атырау қаласында өткен республикалық ғылыми практикалық конференцияда үздік атанып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Республикалық өзін-өзі тану пәні бойынша «Үздік шығармашылық тапсырма» байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері.
2021 жылы «Нравственно-духовное воспитание личности как целевой ориентир общества» атты халықаралық педагогикалық оқуларға қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. «Білікті ұстаздан білікті шәкірттер тарайды» демекші, Сұлубике Мырзагерейқызының оқушылары бүгінгі күні облыстық, республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетіп жүр.
Сондай-ақ, мектептің тынысында ғана емес қоғамдық өмірге белсене араласатын еңбек ардагері «Болашақ» желілік қоғамдастығының төрайымы болып табылады. 2020-2021 оқу жылының қорытындысында қала бойынша №16 ЖОББМ өзін-өзі пәнінің үздік шеберлік сағаттары үшін рейтингте көш бастады. Бұл жетістік те өзінің мамандығын ерекше құрметтеп, ілтипатпен орындай білген Сұлубике Мырзагерейқызының еңбегі еді.