Кәіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Шымкент қаласындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарайтын коммуналдық мемлекеттік мекеме. Тірек-қимыл аппараты бұзылған бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арналған. Орталық басшысы Винера Нұржанованың айтуынша, мекеменің негізгі максаты он сегіз жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Жартылай стационарлық үлгідегі ұйым болып саналатын орталық 2019 жылы ашылған. 70 адамға арналған орталықта стандартқа сәйкес 7 бағытта әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Бүгінгі күнге дейін орталық көмегіне 549 адам жүгінген.
Мұнда терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед және жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) мамандар қызмет етеді. Мекемедегі қызметкерлердің жалпы саны – 43. Олардың 3%-і мүгедектер.
Орталықтағы бастауыш кәсіподақ ұйымы 2019 жылы құрылған. Төрайымы Ұлбике Медарова мәлім еткендей, кәсіподақ мүшелерінің саны – 43 яғни кәсіподақ мүшелігімен қамту көрсеткіші 100% . Бастауыш кәсіподақ ұйымы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамында. БКҰ төрайымының айтуынша, орталықтағы жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары 2020 – 2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа негізделген.
Орталық өкілдерінің бас уайымы –әлеуметтік қызметкерлер мәртебесінің жоқтығы, еңбек жағдайы мен еңбекақының лайықсыздығы. Сондықтан олар ҚРКФ мен салалық кәсіподақ басшылығынан осы мәселелерді шешуге ат салысуды сұрады.
«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары бағалап, еңбек ұжымына алғысын білдірді әрі кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің салалық кәсіподақ пен ҚРКФ-ның күн тәртібінде тұрғанын еске салды.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымына мазмұнды кездесу үшін ризашылығын білдіріп, Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясындағы міндеттердің орындалу барысына тоқталды.
«Бүгін еңбек ұжымы тарапынан көтерілген мәселелер федерацияның алдағы бес жылға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиясында қарастырылған. ҚРКФ мен ҚР Парламент Мәжілісіне кәсіподақтардан барған депутаттардың күш біріктіруінің арқасында олардың бірқатары бүгіннің өзінде заңнамалық деңгейде ілгерілеп жатыр», – деді Нұрлан Өтешев.
Кездесу соңында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін ризашылықтарын айтып, Алғыс хаттар және Мақтау қағаздарын табыс етті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы