ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшысы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен бейнеконференция режимінде федерацияның Атқарушы комитеті мүшелерінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасын ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Оның айтуынша, жоба кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне денсаулығын түзеу және білім алу қызметтерін бір уақытта қол жетімдірек етуге бағытталған. Биыл білім беру-сауықтыру жобасын пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында іске қосу жоспарланып отыр. 2022 жылдан бастап жоба кәсіподақтық шипажайларға таратылмақшы.
«Жобаның бірегейлігі – кәсіподақ мүшесі он күн ішінде заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жоғары білікті мамандар тартылған орталықтағы ем-домын кәсіподақтық білім алумен үйлестіре алады», – деді Нұрлан Өтешев.
Жобаның тең авторы, оңалту орталығының өкілі Бибісара Бисембаеваның айтуынша, кәсіподақтық жолдамаға кететін шығынды МӘМС-дан қаражат тарту арқылы азайтуға болады.
Жобаны іске асыру бір күнтізбелік жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесіне медициналық оңалтуды кәсіби біліктілігін көтерумен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Атқару комитетінің мүшелері Мақсұт Нәлібаевты «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы етіп сайлады. Бұл қызметте ол жуырда Қызылорда облысы Арал ауданының әкімі болып тағайындалған Серік Сермағамбетовті алмастырды.
Еске сала кетейік, кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің заңнамалық базасына енгізілген түзетулерге сәйкес, кәсіподақтар орталығының төрағасы қызметіне ұсынылған кандидаттар бірлескен консультациялардан және аймақтардағы үйлестіру кеңесі мүшелерінің талқылауынан кейін Атқару комитетінің отырыстарында сайланады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы