Кәсіподақтардың мақсаты қашанда халыққа түсінікті – өз мүшелерінің құқығы мен мүдделерін қорғау, лайықты жалақы мен демалыс, тиімді еңбек жағдайлары мен әлеуметтік әділеттілік үшін күрес.
Бұл орайда әр кәсіподақ ұйымы жарғылық міндеттерді әртүрлі жолмен шешеді. Осы мақсатта «Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында Нұр-Сұлтан қалалық «Әділет» кәсіподағы мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының жарғылық мақсат-міндеттерді тиімді жүзеге асыруға бағытталған жұмыс тәжірибелерін өзара бөлісуге арналған семинар өтті.
Іс-шараны ашқан Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен Нұр-Сұлтан қалалық «Әділет» кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев әлеуметтік әріптестікті дамыту және білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарына тоқталды.
Семинар бағдарламасына сай қатысушылардың назарына облыстық ұйымның төрағасы, құқықтық қызметтің басшысы Берік Баймағамбетов еңбек инспекциясының жұмысы, оның ішінде ұйым мүшелерінің құқықтық қорғалуы, әлеуметтік әріптестік актілерін қабылдау, соттармен жұмыс тәжірибесін ұсынды.
Ал құқықтық сұрақтар және кадр жөніндегі бас маман Әлия Джолшибекова жергілікті кәсіподақтағы кадрмен жұмыс және іс-құжаттарды рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесіне тоқталса, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің бастауыш кәсіподақ төрайымы Роза Бралина колледждің кәсіподақ ұйымының мүшелік базасын кеңейту және нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Семинар қатысушылары іс-шара барысында кәсіподақ мүшелерін қорғау, сауықтыру, оқыту шаралары туралы өзара мол мағлұматтармен бөлісті. Кездесу барысында «Еңбекші» салалық газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров облыстық ұйымның ақпараттық саясаты мен оқу орталығының жұмысына тоқталды. «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-нің директоры Жангелді Қойбағаров мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырып, Тараз шаһарына тарихи-танымдық экскурсия ұйымдастырды.