qazaqparat.kz: “Қазақстанда пандемия кезеңінде әлеуметтік-еңбек даулары көбейіп кетті”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда пандемия кезеңінде әлеуметтік-еңбек дауларының саны көбейіп кетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Құнаділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның дерегінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында елордада 12 әлеуметтік-еңбек дауы болды. Пандемиямен және қолайсыз экономикалық ахуалмен байланысты жайттар тұрақсыз әлеуметтік-еңбек жағдайының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті. Жалақы төлемеу проблемасы, еңбек жағдайын бұзу жиіліп кетті.

Соның салдарынан еңбек дауларының саны айтарлықтай артты. Негізінен кәсіподақтары жоқ кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек жалжалдарының жиі орын алғандығын ерекше атап өткім келеді. Даулардың басым бөлігі жалақы деңгейіне қатысты көзқарас қарама-қайшылығынан емес, бұл мәселеде әкімшіліктің келіссөз жүргізуден бас тартуынан туындаған. Көп жағдайларда жұмыс беруші жанжалдың алдын алуға ниетті емес. Тіпті көп жағдайда олар ахуалдың ушығатындығын біле тұра сондай қадамға барады», – деді Төлеген Құнаділов.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, елорданың Кәсіподақ орталығы жыл басынан бері жалақыны көтеруге, еңбек жағдайын жақсартуға қатысты 23 өтінімді қарастырды. 63 жұмысшыға құқықтық көмек көрсетілді. Бұған қоса, 57 жұмысшы жұмыс орнын сақтап қалды.

https://www.qazaqparat.kz/kz/kazakstanda-pandemiya-kezeninde-aleumettik-enbek-daulary-kobeyip-ketti_a3807851