qazir.kz: “КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫНА ЖҮЙЕЛІ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУҒА АТСАЛЫСАДЫ”

Қазіргі кезде ұжымдaрдaғы еңбек дaулaры мен кикiлжiңдер жиiлеп кетті. Oның негiзгi себебi деп жaлaқының уaқытылы төленбеуi мен жұмысшылaрдың айлық жалақысын көтеру мәселесін айтуға болады. Жыл басынан бері елордада бірнеше  әлеуметтік және еңбек даулары тіркелді, жұмыскерлер ішінара жұмысты тоқтатып, ереуілдер ұйымдастырды. Әлеуметтік-еңбек дауларының қазіргі кездегі жағдайы және жуық араға арналған болжамдар туралы Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовпен әңгімелескен едік.

– Әлеуметтік-еңбек жағдайына қандай факторлар әсер етуде?

-Әлеуметтік-еңбек дауларының саны және әлеуметтік-еңбек ахуалының шиеленіс деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда ұлғайып отыр. Елордада биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 12  әлеуметтік-еңбек дауы орын алды, соның ішінде бірнеше рет наразылық акциясына шыққан еңбек ұжымдары да бар. Пандемиямен және қолайсыз экономикалық жағдаймен байланысты оқиғалар тұрақсыз әлеуметтік-еңбек жағдайының қалыптасуына және еңбек қатынастарының дамуына айтарлықтай әсер етті: жалақы төлемеу проблемалары күшейіп, еңбек жағдайларын бұзушылықтар көбейді.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері еңбек дауларын шешу бойынша барлық келіссөздер процестеріне қатысып келеді. Соның ішінде елордамызда да бірнеше рет әр түрлі құрылыс  ұйымдарынан «кран операторлары» ереуілдерге шықты. Краншылар жалақыны, оның ішінде қауіпті еңбек жағдайлары үшін жалақыны арттыру, жалақыны индекстеу және лайықты еңбек жағдайларын жақсарту, тамақпен, маусымдық арнайы киіммен қамтамасыз ету талаптарын қойды. Біздің мақсатымыз – еңбек қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерді қатаң орындауды қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында өзара түсіністік пен диалогқа қол жеткізу.Осы орайда мұнаралы кран жұмысшыларының бастамашыл тобының талаптарын тыңдап, оларға Кәсіподақтар Федерациясының әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша ұстанымын жеткізіп, еңбек дауларын шешудің заңнамалық нормалары және осы қызметті заңнамалық негізде жүргізу қажеттілігі туралы түсіндірмелер берілді.Жалпы, әрбір жеке еңбек дауы аясында жұмыскерлердің құқықтарын сақтауға Кәсіподақтар федерациясы диалог алаңын ұсынып, көмектесуге дайын екендігін айта кеткен жөн.Еңбек дауларына қатысты маңызды келіссөздерге кәсіподақтардың қатысуы ереуілдердің ұзақтығын қысқартуға және тез арада келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

–  Кәсіподақтардың келіссөзінен нәтиже болды ма?

– Әрине. Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жасалған жұмыстар нәтижесінде елордадағы түрлі құрылыс компанияларының басым бөлігі краншылардың жалақысын 250 мыңнан 450-500 мың теңгеге дейін  көтерді. Жуық арада ғана «Үміт» құрылыс саласы жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ҚБ құрылды.Оның төрағасы Қ.Айдармен жұмыскерлердің құқықтары бұзылған жағдайдағы іс-әрекеттер алгоритімін талқылап, жаңа құрылған жергілікті кәсіподақ қызметін жетілдіру бағытында көмек  көрсетіп келеміз.

– Бұдан басқа қандай саланың мамандық иелері ереуілге шықты?

– Монолитті жұмыстарды орындайтын жұмыскерлер және кірпіштерді, газоблоктарды төсеу жұмыстарын орындайтын жұмыскерлер еңбек жалақыларына көңілі толмайтындықтарын жеткізді. Монолитші жұмыскерлердің белсенділерімен байланыс орнатып, осы даулы жағдайды жүйелі негізде реттеу бойынша келіссөздер жүргізілді. Оларға еңбек құқығы бойынша кеңестер беріліп келеді.Сондай-ақ “Arabtec Consolidated Constructors Limited” қосалқы мердігерлік ұйымының “SPECIAL FOOD COMPANY” ЖШС-нің жұмысшылары да наразылық акцияларына шықты. Абу Даби Плаза “құрылысымен айналысатын”Arabtek Holding” бас мердігерінің банкроттығы жарияланып, жұмысшылар қаңтар айынан бастап жалақы алмаған. Қазіргі уақытта жұмыс берушілермен келіссөздер жалғасуда, әзірге жұмысшылардың еңбек ақысы ішінара төлене бастады. Еңбек даулары негізінен кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда болғанын атап өткім келеді.

Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек кикілжіңдеріне әкелуі мүмкін әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күнделікті мониторингі бақылауға алынды және шешу жөніндегі жұмыс тобының жұмыс жоспары мен өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Кәсіподақ әрқашан ұжымдық наразылық білдірген жұмыскерлердің талаптарын тыңдап, оладың  проблемаларын шешуге дайын болуы керек. Біз оларға заңдық, ақпараттық және психологиялық жағынан қолдау көрсетіп отырамыз. Кәсіподақтар федерациясымен бірге бүгінгі күні өзекті болып отырған түрлі тақырыптар бойынша, соның еңбек дауларының алдын алу және шешу жөнінде кәсіподақ ұйымдарына  оқыту семинарлары өткізілуде.

– Еңбек заңнамасының сақталуы бойынша Әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыстарыңызға тоқталсаңыз?

-Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестерімен бірлесіп кәсіпорындар мен ұйымдардағы әлеуметтік-еңбек проблемаларын шешуде медиатор болып, еңбек адамына қолдау  көрсетіп отыр. Еңбек тәуекелдерін алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Ең алдымен, бұл ұжымдық шарттардың міндеттемелерін орындау, еңбек ұжымдарында есеп беру кездесулерін өткізу, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу. Қызметкерлер жұмыстан босатылған жағдайда, қызметкерлер санының (штаттың) қысқаруына байланысты оларды жұмысқа орналастыру бойынша, оның ішінде сұранысқа ие кәсіптер бойынша қайта оқытуды ескере отырып, шаралар қабылданады.Әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалды талдау әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссиялар отырыстарының күн тәртібіне енгізілді.

Еңбек заңнамасын сақтау жөнінде әлеуметтік әріптестерге үндеу жариялап, еңбек ұжымдарында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын жеткіздік. Сонымен бірге, әлеуметтік әріптестердің жұмыс берушілермен және елордадағы ұйымдардың қызметкерлерімен өзара іс-қимылын одан әрі жақсарту мақсатында, біздің тарапымыздан қалалық үшжақты комиссиясында еңбек арбитраждарын құруды, еңбек заңнамасы бойынша жиі бұзушылық орын алатын қаланың кәсіпорындардың базасында қалалық үшжақты комиссияның көшпелі отырыстарын өткізу мүмкіндігін қарастыру айтылды. Әлеуметтік әріптестік тараптарының жұмысы туралы ақпараттар, оның ішінде қалалық үшжақты комиссия отырысының хаттамаларын орналастыру үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында “әлеуметтік әріптестердің жұмысы” шартты атауымен бөлім ашылды.2021 жылдың 17 мамырында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Кәсіподақтар орталығы және жұмыс берушілер өкілдері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы қалалық келісімге қол қойылды.Қалалық келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің негізгі ережелеріне негізделген. Келісім шеңберінде Тараптар жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсарту, еңбек құқықтарын толыққанды іске асыру үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ ұжымдық еңбек дауларын  реттеу, оларды шешудің қолданыстағы тәртібін жетілдіру, сондай-ақ қала ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу тәжірибесін дамыту саласында күш-жігерді біріктіруге ниет білдіреді.

Келісімнің жаңа ережелерінің ішінде әлеуметтік әріптестер ұжымдық шарттарға немесе жұмыс берушілердің актілеріне инфляцияны ескере отырып, жұмысшылардың жалақысын жыл сайынғы индекстеу нормаларын қосу бойынша бірлескен қадамдар жасауды атап өтуге болады.Сонымен қатар, қалалық келісімге алғаш рет қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру, өндірістік кеңестің мүшелері, оның ішінде ұйымдарда еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқытуды ұйымдастыру енгізілді.

Ұжымдық шарт жұмысшылардың жағдайын жақсартатын құқықтар мен кепілдіктерді белгілейді, әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастарды реттеудің маңызды құралы. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп тұрған 53 мыңнан астам  кәсіпорында 33 мыңға жуық  ұжымдық шарт жасалды.Бұл жұмыс орнындағы әлеуметтік шиеленіс пен жарақаттануды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.  Ұжымдық шарт жасалған жағдайда тұрақты және өнімділігі жоғары еңбек ұжымы құрылады. Еңбек адамының қажеттіліктері мен оларға қамқорлық жасауға назар аударылады. Бұл, әрине, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек шиеленістерін алдын ала болжап жаңа деңгейде жұмыс істей бастады, оны еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді құралына айналдыруды қолға алды. Ең негізгісі- кәсіподақ еңбек дауларына жүйелі шешім қабылдауға атсалысып келеді.

Нұр-Сұлтан қаласының

Кәсіподақтар орталығының

баспасөз қызметі.                      

https://qazir.kz/article/Qazir_articles_2021_02_07