Кіші буын мамандарын жалақының көтерілмеуі алаңдатады

Денсаулық сақтау саласында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап дәрігерлер мен медбикелер жалақысы көбейтілсе де, бұл жағдай кіші буын мамандары мен саладағы медициналық емес қызметкерлердің жалақысына қатысты болмады. Әрбір кездесу барысында жұмыскерлер осы мәселеге Үкімет тарапынан назар аударылуын сұрайды, «Аlexey Sultan Akhmet» емханасында өткен кездесу барысы да бұл сұрақтан тыс қалмады.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалы Кәсіподақтар федерациясымен белгіленген «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» науқаны шеңберінде «Аlexey Sultan Akhmet» емханасы бастауыш ұйымында қоғамдық қабылдау жүргізді.

Қоғамдық қабылдау барысында кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастары бойынша мәселелері тыңдалып, келісім комиссиясы жұмысы туралы түсіндірмелер жүргізілді. Ұжымдағы әлеуметтік-еңбек жағдайлары туралы ұсыныс-пікірлерін білдірген кәсіподақ мүшелері салалық кәсіподақтың облыстық филиалы қызметі барысына да тоқталып, оң баға берді.

Айта кету керек, «Аlexey Sultan Akhmet» емханасы – «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалы құрамындағы ірі бастауыш ұйымдардың бірі, ұйымдағы 350 қызметкерлердің барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады.