Атырау облысы әкімдігінің ғимаратында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті VІІI-ші отырысы өткізілді.
Комиссия отырысына төрағалық жүргізген Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Ізтұрған Баймұханов жиынды аша отырып, кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алу тетіктері әлі де ойдағыдай жетілмеуін атап өтті.
«Биылғы жылы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында жұмысшылардың жұмыс берушілерге талап қойып, ғимараттар алдына шығуы, ереуілдер мен аштық жариялау, басқа да түрлі акцияларды ұйымдастыру жағдайлары орын алғаны баршамызға мәлім. Бұл кәсіпорындардағы әлеуметтік әріптестіктің әлсіздігін, жұмыс берушілердің тарапынан келіссөздер жүргізуге, жұмысшылардың жағдайларын жақсартуға немқұрайлы қарайтындығын меңзейді. Шешілмейтін дау жоқ, алдымен ниет пен дең қою керек. Әрбір жұмыс беруші еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған шаралардың қабылдануына үлкен көңіл бөлуі қажет. Ол үшін жұмыс беруші мен жұмысшының арасында сындарлы диалог орнатып, Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шарт жасақтап, оның орындалысын уақтылы қадағалау қажет. Көп жағдайда еңбек ұжымдары кәсіпорын басшылығына жүгініп, мәселені ушықтырмай шешуге атсалысады, ондай сәтте басшылық жұмысшылардың жеке және ұжымдық ұсыныстарына құлақ асуы керек. Ал еңбек дауы неден туындайды?! Әрине, мәселелері шешілмеген соң жұмысшылар талаптарын ашық түрде білдіреді, заң органдарына жүгінеді, түрлі акцияларға шығады», – деді І.Баймұханов.
Күн тәртібіне қойылған мәселе – «China National Chemical Engineering Co Ltd» компаниясы мен «Умит-АИС» АтырауИнжСтрой» ЖШС филиалында орын алған еңбек даулары.
Бірінші аталған компанияда жүздеген қытай азаматтары ПТР-тестен өту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жұмыс міндеттерін атқаруға жағдайлар жасау, елге қайту және т.б. мәселелерін қойса, екінші кәсіпорында еңбек шарттарының уақтылы жасалмауы, еңбек ақының дұрыс есептелмеуі, үстеме жұмыс, түнгі жұмыс үшін ақылардың төленбеуі, еңбек демалысының берілмеуі, зейнетақы жарналары аз есептелуі, дұрыс тамақтандырмау, еңбек қауіпсіздігінің қамтылмауы, т.б. жағдайлар жұмысшылардың еңбек инспекциясына жүгінуіне әкелген.
Комиссия отырысында І.Баймұханов еңбек дауларын реттеуде жаңа тәжірибелерін қолдануды ұсынды. Бұл бағытта шиеленістердің бастапқы белгілері анықталған жағдайларда, еңбек инспекциясы мен кәсіподақтар бірлесе отырып, сол компания басшыларымен кездесулер ұйымдастыратын болады.
Келер аптада кәсіподақ алаңында «China National Chemical Engineering Co Ltd» компаниясы мен «Умит-АИС» АтырауИнжСтрой» ЖШС филиалының басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, бір ортақ шешім қабылданатын болады.
Осындай іс-шаралар негізінде еңбек шиеленістері ары қарай өрбімей, облыстық үшжақты комиссияның отырысына дейін қаралып әрі реттеліп, комиссияда тек орындалысы тындалатын болады. Сонымен қатар, еңбек даулары туындау ықтималдығы бар кәсіпорындар мен мекемелер арасында түсіндіру жұмыстары жалғасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қалалық және аудандық комиссия отырыстарының өткізілуі, республикалық «Парыз» конкурсының ұйымдастырылу барысы талқыланды. Атырау облысы бойынша «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациялары бойынша 14 өтінім түсті. Барлық қалалық/аудандық әкімдіктерге кәсіпорындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге нақты тапсырмалар берілді.