Жұмыскерлердің еңбек жағдайы – басты назарда

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиев және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев «Қуат Амлон Мұнай» БК ЖШС Бас директорының көмекшісі Ян Юнмен кездесті. Кездесуге қатысушы тараптар компаниядағы жұмыскерлердің еңбек жағдайы бойынша ақпарат алмасып, пікірлесті.

Естеріңізге сала кетейік, «Қуат Амлон Мұнай» біріккен кәсіпорны серіктестігінде жұмыскерлер жыл басында еңбек жағдайлары мен жалақыны көтеру мәселесі бойынша компания басшылығына талап қойған болатын. Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізілген шаралар нәтижесінде жұмыскерлердің ұжымдық шарттағы өндірістік-тұрмыстық жағдайлары мәселелері оң шешімін тапты. Дегенмен, кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібінен түспей отыр, бұл ретте “Кеңқияқ-Атырау” мұнай құбыры іске қосылып, компанияның мұнай жеткізу жүктемесі азайған жағдайда жұмыс берушінің мәселені қайта қарауы туралы келісім бар.