2021 жылғы 9 шілде күні “Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен “Еңбек дауын соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу” тақырыбында кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізілді.
Кездесуде кәсіподақ орталығының мамандарынан, салалық, бастауыш кәсіподақ мүшелерінен, әлеуметтік әріптестерден құралған жалпы саны 60-тан астам қатысушылар болды.
Онлайн жиынның спикері, Орал қаласының №2 сотының судьясы Айнұр Кенжебекова “Еңбек дауын соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу” туралы айтып өтті. Кездесу барысында қатысушылар еңбек қатынастарына қатысты шиеленістерді, еңбек ұжымындағы Келісім комиссиясының жұмысы жөнінде және ұжымдық шарттың өзекті, өзгеріске жиі ұшырайтын пункттері туралы сұрақтарын қойып, еңбек қатынастарына қатысты мәселелерімен бөлісіп, қажетті кеңестер алды.
Сонымен қатар, Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы, кәсіби медиатор Махамбет Сұлтанғалиев ағымдағы жылы облыстық кәсіподақтар орталығымен бірге атқарылған құқықтық шараларға тоқталып, кәсіподақ мүшелерінен келіп түскен арыз-шағымдарды сараптады.
Кездесу соңында облыстық кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Бауыржан Атауов өз сөзінде “Медиация” туралы ұғымның әлі көпшілік арасында кең етек алмағаны және соның салдарынан арызданушылардың біраз жерден ұтылып қалатынын айтып өтті. Кәсіподақ өкілі бұл орайда, шара қатысушыларын құқықтық сауаттылықты арттыруға шақырды. Сондай-ақ, қазіргі таңда облыстық кәсіподақтар орталығы жанынан жұмыс атқарып жатқан “Заң клиникасы”, “Медиация” кабинеттерінің қызметтері жөнінде және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар орталығы тарапынан белсенді жүргізіліп жатқан құқықтық оқулар туралы ақпараттармен бөлісті.