Мұнайшылар талабы – кәсіподақ назарында

Ақтөбеде кәсподақ жетекшілері жұмысшылардың еңбек құқығын басты назарда ұстайды. Күнделікті мониторинг аясында Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев Мұғалжар ауданы аумағында орналасқан Жаңажол кен орнына барып, жұмысшылармен кездесті.

“СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ және “СНПС-АТК” ЖШС жұмысшыларының талап-өтініштерін тыңдады. Кездесуге жұмыс берушілер де шақырылды.

Кездесу барысында компания еңбеккерлері жалақының төмендігі, сыйақының жоқтығы, вакцинация және ПТР-тест туралы мазалаған сауалдарын ортаға салды.

Кәсіподақ жетекшісі еңбеккерлерді толғандырған сауалдардың оң шешімін табуға атсалысты. Еңбек дауының алдын алу және реттеу мақсатында кәсіподақ орталығының төрағасы жұмыскерлермен түсіндіру жұмыстарын, сондай-ақ жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде, жұмыс берушілер вакцинация алмаған қызметкерлерге ПТР-тест шығындарын төлеуге, сондай-ақ дивидендтер төлеуге уәде берді.

Сонымен қатар, жұмыс берушінің өкілдері жақын арада жалақыны көтеру және сыйақы төлеу мәселесі шешілетініне сендірді.