Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Тараз қаласындағы «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, облыста 123 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оның 21-і биыл құрылған.
Мекеме директоры Ұлбосын Саулебаеваның сөзінше, Тараз қаласы «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 8 кітапхана бар. Олардағы қызметкерлердің жалпы саны – 103. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 8 кітапхана 27624 оқырманға қымет көрсеткен. Сонымен қатар, 551 мәдени іс – шара ұйымдастырған.
Ал бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұлдыз Шералханның айтуынша, мекеме қызметкерлерінің барлығы кәсіподаққа мүше. Ұйым тек еңбек заңнамасының сақталуы мен еңбекті қорғауға қоғамдық бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, кәсіподақ мүшелерінің кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасап отыр. Кәсіподақ ұйымы жұмысының маңызды бөлігі 2021-2023 жылдар аралығындағы ұжымдық шарттың негізгі ережелерін іске асыруға арналған. Ұжымдық шартта қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Мекемеде «Кәсіподақ бұрышы» стенды бар. Кәсіподақ ұйымының белсенділері жыл сайын білім беру семинарларына, тренингтерге қатысады, бұл кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыруға көмектеседі. Кәсіподақ мүшелерінің көпшілігі әр түрлі іс-шараларға, акцияларға және қоғамдық-саяси маңызы бар жобаларға да қатысады. Жыл қорытындысы бойынша кәсіподақ төрайымы ұжым алдында екі жақты келісімнің орындалуы туралы есеп беріп отырады.
Бұдан соң кәсіподақ мүшелері атынан филиал төрағасы мен бастауыш кәсіподақ төрайымы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында жалақы мардымсыздығы, шипажайлар жолдамасы бағасының қалтаға салмақ салатыны, жалақыны инфляция деңгейінде жыл сайын индекстациялауды заңмен бекіту қажеттігі және кітапхана ісіне қатысты арнайы заңның қажеттігі айтылды.
Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген филиал төрағасының жұмысын жоғары бағалап, өңірде кәсіподақтың жақсы мектебі қалыптасқанын айтты. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзін еске алып, кітапханашылар үшін арнайы заңның қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Президент шешімімен бұдан былай әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияны облыс әкімдері басқаратынын жеткізіп, бұл өзгеріс кәсіподақтардың ширай түсуіне сеп болады деген сенімін білдірді.
Кітапханашылар үшін арнайы заңның қажеттігін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Светлана Иманқұлова да қуаттады.
«Мәдениет туралы заңда кітапхана ісі бірнеше баппен ғана қамтылған. Олар сала қажеттіліктерін егжей-тегжейлі қамтымайды. Сондықтан бұл салаға арнайы заң керек. Жалпы осы акция аясында кітапханашылардың мұң-мұқтажы бірнеше рет көтерілді және ҚРКФ басшылығы оларды жақсы біледі. Салалық кәсіподақ Парламент Мәжілісінің депутаттарына арнайы заң бойынша ұсыныспен шығуға ниетті. Федерация біздің бұл бастамамызға қолдау білдіреді деген үміттеміз»,- деді салалық кәсіподақ төрайымы. Сонымен қатар, ол кездесу қатысушыларына биыл қол қойылған салалық келісімнің әлеуметтік қолдауға қатысты тұстарын түсіндіріп, оларды ұжымдық шартқа енгізуге шақырды.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысына оң бағасын беріп, кәсіподақ мүшелерін федерация жанынан құрылған Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы заңға» өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша арнайы жұмыс топтарына өз ұсыныстарын жолдауға болатынын ескертті. Бүгін көтерілген бірқатар мәселелердің федерацияның бес жылға арналған стратегиясындағы міндеттермен сәйкес келетінін және бұл бағытта депуаттармен бірге жүйелі жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Нұрлан Өтешев ҚРКФ Атқару комитеті шілденің 1-і күнгі отырысында қабылдаған «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасы туралы әңгімелеп берді. Еске сала кетейік, жаңа жоба кәсіподақ мүшесіне он күн ішінде заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жоғары білікті мамандар тартылған орталықтағы ем-домын кәсіподақтық білім алумен үйлестіруге мүмкіндік береді. Білім беру-сауықтыру жобасы пилоттық режимде биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында іске қосылады. Жобаны іске асыру бір жыл ішінде 12 мың кәсіподақ мүшесіне медициналық оңалтуды кәсіби біліктілігін көтерумен үйлестіруге мүмкіндік береді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы