ҚР Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ мүшелерінің келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған онлайн білім марафоны жалғасуда. Бүгін кәсіподақтық лекторлар Маңғыстау облысындағы кәсіподақ мүшелеріне дәріс оқыды.
Семинарды ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, кәсіподақ кадрлары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру – жаңа кәсіподақ идеологиясын ілгері бастырудағы стратегиялық шара екенін айрықша атап өтті.
Бұдан соң федерациядағы Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов еңбек ұжымдары үшін өзекті болып отырған вакцинация процедурасының заңдық тұрғыдан реттелуі туралы ақпаратпен бөлісті.
Елімізде осы айдың басында бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шығып, бірқатар еңбек ұжымдары үшін міндетті вакцинация талабы енгізілген болатын. Қаулыға сәйкес жұмыскерлер вакцинаның бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, екіншісін 15 тамызға дейін алуы тиіс болған. Алайда Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствааралық комиссия отырысында үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов міндетті вакцинация мерзімін қайта қарауды тапсырды. Бүгін бас санитардың жаңа қаулысы шығып, соған сәйкес міндетті вакцинацияның мерзімі ұзартылды. Енді вакцинаның бірінші компоненті 10 тамызға дейін, екінші компоненті 1 қыркүйекке дейін алынуы тиіс. Сонымен қатар, қаулыда міндетті вакцинациялау белгіленген ұйымдардың тізімі берілді. Тек вакцина алған жағдайда ғана штаттық режимде жұмысқа шығаратын мекемелердің тізіміне қызмет көрсету, мәдениет және демалыс объектілері, қонақүй қызметі, жолаушылар тасымалы, білім беру және тәрбиелеу ұйымдары, санаторий-курорттық және сауықтыру мақсатындағы объектілер, қоғамдық тамақтану объектілері, барлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік объектілер, денсаулық сақтау ұйымдары, тіршілікті қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық объектілері, экскурсиялық қызмет көрсететін ұйымдар, байланыс және телекоммуникация объектілер енген.
«Бұл қаулы бүгіннен бастап күшіне енді. Алайда қазір ПТР тестіне байланысты сұрақтар туындауда. Тест жұмыс беруші тарапынан төленуі тиіс пе, әлде жұмыскер тарапынан төленуі керек пе? Бұл сұрақ заңдық тұрғыдан реттелмеген. Көбінде қазір екі тарап арасында келіссөздер арқылы шешілуде. Еңбек ұжымдары тарапынан осыған байланысты сұрақтар жиі түсіп жатқандықтан Кәсіподақтар федерациясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын қалыптастыруда»,-деді Тимур Нұғыманов.
Сонымен қатар, ол Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің өткен аптада ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа міндетті вакцинация мәселесі бойынша арнайы хат жолдағанын еске алды. Уәкілдің тест құнын жұмыс беруші төлеген жағдайда, мемлекет тарапынан субсиядия қарастыру мүмкіндігін сұрағанын жеткізді.
Тимур Нұғыманов бұдан әрі семинар қатысушыларының назарын федерация жанынан Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша екі жұмыс тобының құрылғанына аударып, мүшелік ұйымдардан ұсыныстар түсіп жатқанын айтты.
«Бұған сіздер де атсалыса аласыздар. Нақты ұсыныстарыңызды жұмыс тобына жолдаңыздар. Кейін ол үкіметтің алдында көтерілетін болады»,-деді ол.
Семинар әрі қарай «Кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидалары және еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесі» тақырыбында Қызылорда облысындағы АКБ-нің бас маманы Майра Боранбаеваның дәрісімен жалғасты.
ҚРКФ-ның Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинар қатысушыларына еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдары сонымен қатар, Келісім комиссиясының ережесі мен комиссияның еңбек дауларын шешу тәртіптері туралы баяндап берді.
Семинар барысында кәсіподақ мүшелері дәріскерлер тарапынан өз сауалдарын жолдап, толыққанды жауаптарын да алып отырды.
Осылайша интерактивті түрде өткен семинар соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға кәсіподақ мәртебесін көтеруде маңызды рөл атқаратын өте пайдалы ақпарат үшін алғыстарын білдіріп, кейін тәжірибеде қолданатындықтарын айтты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы