Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бейнеконференция арқылы Батыс Қазақстан облысының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.
Орталық 2009-шы жылы құрылған. Мекеме директоры Арман Дәулетовтің айтуынша, жалпы облыста әлеуметтік қызметтің тарихы 1986-ші жылы қарттар үйінің құрылуынан бастау алады. Бүгінде саланың тарихы 35 жылды қамтиды.
Жұмысмен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызметкерлері 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар тірек- қимыл аппараты бұзылған балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, жасы келуіне байланысты өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын тұрғындарға үйінде, 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, мүгедектігі бар балаларға күндізгі стационарлық үлгіде үш бағытта әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Яғни тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педогогикалық, мәдени, экономикалық және құқықтық көмектер береді. Орал қаласы бойынша қазір орталық көмегіне 900-ге тарта тұрғын жүгінуде. Мекеме қызметкерлерінің саны – 178. Олардың 118-і әлеуметтік қызметкер. Орталық олардың біліктілігін көтеру мақсатында республика деңгейіндегі түрлі ғылыми орталықтармен тығыз жұмыс жасайды. Әрі олар 5 жылда бір рет аттестациядан өтіп отырады. Мекеме директорының айтуынша, әлеуметтік қызметкерлер былтырғы төтенше жағдай кезінде коронавируспен күрестің алғы шебінде медицина қызметкерлерімен бірге дамыл таппай еңбек еткен.
Орталықтағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Тарбия Ғалиеваның айтуынша, қызметкерлер кәсіподаққа орталыққа келген күннен өтеді. Еңбек ұжымы толықтай кәсіподақ мүшелігімен қамтылған. Кәсіподақ ынтымағы ұйысқан ұжымда салауатты өмір салтын қалыптастыруды басымдыққа алған. Осының нәтижесінде қызметкерлер жылына екі рет шипажайда демалып қайтады.
«Ұжымның 98%-ы әйелдер қауымынан. Физикалық, моральдық, психологиялық тұрғыдан күрделі, көп күшті талап ететін мамандық болғандықтан, еңбек ұжымы оларды зейнеткерлікке құрметпен шығарып салады. Сондықтан Үкіметтің әлеуметтік қызметкерлерге жалақы мөлшерін 2021 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 2023 жылға дейін, жыл сайын ұлғайтуы – орынды шешім»,-дейді Тарбия Ғалиева.
Бұдан соң әдеттегідей еңбек ұжымы ҚРКФ басшылығына өздерін мазалаған өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, олар әлеуметтік қызметкер бейнеті көп мамандық болғандықтан, олардың жүктемесін ескере отырып, зейнеткерлікке шығу жасын қайта қарауды сұрады. Сонымен қатар, ПТР тестін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төлеу мүмкіндігін қарастыруға ат салысуды өтінді.
Кездесуге қатысқан «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов, салалық кәсіподақ басшылығының аталған мәселелерді жақсы білетінін және түрлі деңгейде көтеріп жүргендерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, қазір бюджеттік саладағы кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстары негізінде Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияға ұсыныс дайындалып жатқанын жеткізді. Сөзінің соңында орталық басшылығына жемісті әлеуметтік әріптестік, бастауыш кәсіподақ ұйымына сапалы жұмыс және Аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекеноваға салалық кәсіподақ филиалына қолдауы үшін алғысын білдірді.
Кәсіподақ мүшелері көтерген сауалдарға ҚРКФ атынан Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов жауап берді. Ол зейнеткерлікке шығу жасын қайта қарау туралы сұраққа ҚРКФ басшылығының бұл мәселені бірнеше қайтара көтергенін және «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға өзгеріс енгізу қазжеттігін айтты.
«Бұл біздің бақылауымызда. Әрі қарай да көтеретін боламыз. Жалпы егер әлеуметтік қызметкерлердің зейнеткерлікке шығуына қатысты халықаралық тәжірибемен таныс болсаңыздар, бізге жіберіңіздер. Себебі сіздер бұл саланы бізден жақсы білесіздер. Біз өз тарапымыздан оны әрі қарай өзектендіруге тырысамыз. Қазір федерация жанынан екі үлкен жұмыс тобы құрылған. Олар Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтулар енгізумен айналысуда. Бұл жұмысқа сіздер де араласып, өз ұсыныстарыңызды жібере аласыздар»,- деді департамент директоры. ПТР тестін МӘМС арқылы төлеуге қатысты сауалға, бұл мәселенің МӘМС туралы заңда айтылмағанын ескертіп, бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов жұмыс берушіге ПТР тестіге кететін шығынды өтеу үшін субсидия жасау бойынша үкіметке ұсыныспен шыққанын жеткізді.
«Егер бұл ұсыныс оң шешімін тапса, кейін ұжымдық келісім мен еңбек шарттары арқылы реттеу мүмкін болады»,-деді ол.
Кездесуді қорытқан ҚРКФ төрағасының орынбасары орталық қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін федерация атынан алғысын білдірді. Нұрлан Өтешев ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызына тоқталып, кәсіподақ белсенділерін коронавиурсқа қарсы вакцинаның қажеттігі бойынша насихат жұмысына араласуға шақырды. Сонымен қатар, ол еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша федерацияның ҚР Парламент Мәжілісіне кәсіподақтардан барған депутаттармен бірлесіп жасап жатқан жұмыстары туралы әңгімелеп берді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы