Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен “Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқытарын қорғау” тақырыбында онлайн режимде дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев, Ақтөбе қаласының №3 сотының төрайымы Н.Аманқұлова және еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.
Жиын барысында А.Әмірғалиев кәсіподақтармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтса, сот төрайымы сотқа түскен еңбек даулары бойынша статистикалық деректерді жан-жақты баяндады.
Мәселен, жыл басынан бері сотқа еңбек қатынасына қатысты 39 адам арызданып, оның 14 арызы сотпен қанағаттандырылса, 10 арыз бойынша бітімгершілік келісімге келген.
Жиын барысында қатысушылар келісім комиссиясының жұмысы жөнінде және еңбек қатынастарына қатысты мәселелермен бөлісіп, қажетті кеңестер алды.
Жалпы, Ақтөбеде қалалық соттар мен облыстық кәсіподақтар орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес бірлескен жұмыстар нәтижелі болуда. Жыл басынан бері 12 татуласу рәсімдері өткізілді, оның ішінде 7 ұжымдық және 5 жеке рәсімдер болды. Нәтижесінде барлық даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелді, сондай-ақ кәсіби медиаторлардың қатысуымен 6 медиативтік келісім жасалды.