Аймақтағы жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында «Еңбек қатынастарында туындайтын даулардың алдын алу» тақырыбында сот органдары өкілдерімен дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Қызылорда қалалық соты судьялары Меруерт Тоғызбаева, Нұрлан Төлеш, «Бітім» медиация орталығы басшысы Ләззат Бақтыбаева, кәсіподақ ұйымдары төрағалары мен заңгер мамандары қатысты.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов еңбек дауларының келісу комиссияларында қаралуы, кәсіподақтардың еңбек заңнамалары бойынша оқыту жұмыстары барыстары туралы ақпарат беріп өтті.
Сот судьялары соттарда еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдану мәселелері мен өңірдегі сотпен қаралған еңбек даулары бойынша істер тәжірибесімен бөлісті. Жиын нәтижесімен соттар мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасып, еңбек дауларын алдын алу мақсатында келісу комиссиясы жұмысын жетілдіру бойынша тиісті орындарға ұсынымдар дайындау келісілді.