Гүлдария Өтелгенқызы Наурызова 1991 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қараөзен ауылында дүниеге келген. Әкесі Өтелген жеке шаруасын дөңгелетіп отырған қарапайым жұмыскер, анасы Шолпан математиканың жілігін шағып, майын ішкен ардагер ұстаз.Әпкесі Гүлжайнар Орал қаласындағы №50 мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болған ағасы Мейірғали қазір жеке кәсіппен айналысады. Негізгі орта білімді туған ауылындағы мектеп-лицейден алған соң, анасымен мамандық таңдау бойынша кеңеседі. Анасы математика және физика пәнінің оқытушысы болуды қалағанымен, Гүлдария «бір отбасымызда оқытушылар аз емес, мен құрылыс саласын таңдаймын» деп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің сәулет-құрылыс факультетіне түседі.
Бакалавр дәрежесінде білім алғаннан кейін, туған өңіріне оралып, «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында құрылыс компаниясына қызметке орналасады. 2013 жылы өндірісте қызмет атқарып жүргенде Орал қаласындағы «Экономика және ақпараттық технологиялар колледжіне» арнайы пәндер оқытушысы болуға шақырту алады. Осылайша Гүлдарияның оқытушылық қызметі бастау алады. Қызмет ете жүріп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білімін көтеріп, техника ғылымдарының магистрі атанады.
Туған жерінде үш жылдай қызмет атқарған Гүлдария арман-қалауымен елордадаға қайта оралады. «Бұл жаққа келгенде нарықтың басқа саласын таңдауға болатын. Бірақ, менің таңдауым оқытушылықтан ауытқымады», – дейді ол сөзінде. Бүгінгі таңда «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының арнайы пәндер оқытушысы болып еңбек етіп келеді. Жақында ғана қалалық білім басқармасының «Үздік педагог-2021» конкурсының техникалық және кәсіптік білім беру саласы бойынша бас жүлдесін жеңіп алды.
Г.Наурызова – еңбек жолын бастағалы кәсіподақтың белсенді мүшесі. Ол «Әділет» білім беру кәсіподағы ұйымдастырған жас педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру және өзара тәжірибе алмасу бағытындағы «Пікір алмас! Жасампаз бол! Игілігіңе жарат!» атты ІІ халықаралық фестиваліне қатысты.
Бүгінгі таңда Гүлдарияның шәкірттері еліміздің және әлемнің түкпір түкпірінде адал еңбектерін атқаруда. «Олардың алдағы уақытта қарыштап келе жатырған құрылыс саласының жаңашылдығын игеруге үлестерін қосады деп сенемін. Міне, осы менің оқытушылық қызметімнің жетістігі деп білемін. Қағазбастылықты ұнатпасамда, оқыту үрдісін қатты бағалаймын және ұнатамын. Мен үшін ұстаздық қызмет жүрегімнен орын алды. Әр еңбек сүйіспеншілікпен атқарылуы керек», – дейді біздің кейіпкер.