ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымымен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі Берік Бекжанов қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында зиялы қауым өкілдері және кітапхана ұжымы – бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Кездесуге “Nur Otan” партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, кітапхана директоры Дәурен Дүйсебаев, елге белгілі қаламгерлер –  жазушы Шойбек Орынбай, фантаст-жазушы Сарманбай Исақ, балалар жазушысы Дәркен Танабаев, журналист, жазушы Атанбек Наурыз, педагог, тарихшы Әбдіманап Тілемісов қатысты.

Басқосуда Берік Айдарбекұлы жыл басынан бері қабылданған заңдарға кеңінен тоқталып, алдағы қабылданғалы жатқан нормативтік құқықтық актілерге шолу жасады. Сондай-ақ, “Nur Otan” партиясы фракциясының жұмысымен таныстырды. Бұдан бөлек, халықаралық қарым-қатынастар жөніндегі мәселелер бойынша ақпарат берді.

Бүгінгі таңда кітапханашыларды мазалайтын ең өзекті сұрақтың бірі – айлық жалақылары. Кітапханада орташа айлық жалақы – 60-70 мың теңге көлемінде. Мұнда 96 қызметкер еңбек етеді.

Рухани шаңырақ халыққа кітапханалық-библиографиялық, ақпараттық қызмет көрсетуде. Бүгінде кітапхана қорында 400 мыңнан астам кітап пен 6546 дана электронды қор бар. Ал, оқырмандар саны 18 600-ды құраса, келушілер саны – 128 000, кітап берілімі – 216 000.

Кітапханада оқырмандардың қызығушылығына орай «Жас түлек», «Бәрін білгім келеді», «Мұрагер», «Дидарласу» Libclub, «Глобус» мүдделестер клубтары жұмыс істейді.

Кітапхана қала аумағындағы кітапханалар үшін ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады.