Шымкент қаласы Қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман, Берік Бекжановпен және Ғани Ташқараевпен кездесті.
Жиын ашық сұхбаттасу-пікір алмасу форматында өтіп, кеңес мүшелері тарапынан өңірдің өзекті мәселелері ашық жеткізіліп, талқыланды.
Жиында «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, депутаттарға елге келіп, ел жағдайын біліп жатқаны үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Бауыржан Ілімшеұлы бүгінгі күрделі жағдайда қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, ішінара жұмыспен қамту cекілді жалдаудың жаңа формалары заң деңгейінде тезірек қолға алыну керек екенін жеткізді. Бұдан бөлек, ПТР-тест, қашықтан жұмыс жасаған кездегі вай-фай және де еңбек адамы тарапынан шығатын шығындар жұмыс беруші тарапынан өтелсе деген тілегін айтты.
Айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді ескерген мәжіліс депутаттары шешімін табуда тиісті жұмыстар атқаратындықтарын, қашан да қоғам үніне құлақ асып, ашық сұхбатқа дайын екендіктерін мәлімдеді.