Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелеріне келіссөз жүргізу дағдыларын жетілдіру үшін бірқатар семинарлардан тұратын күнделікті онлайн-білім беру курсын жалғастыруда.
Кәсіподақтар федерациясының онлайн-оқыту марафоны өз жұмысын Атырау облысының кәсіподақ белсенділері, сондай-ақ Пошта қызметкерлерінің салалық кәсіподағы өкілдері арасында жалғастырды.
Семинарды аша отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар Федерациясы кәсіподақ кадрлары, кәсіподақ белсенділері және кәсіподақ мүшелері арасында жоғары мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Білім марафонын өткізіп жатқанымызға шамамен бір ай болды. Осы уақыт ішінде біз мыңнан астам адамды оқыттық. Семинарлар барысында сот органдарының заңды күшіне енген шешімдерін мысалға ала отырып, еңбек заңнамасы мен еңбек дауларын қарау кезінде еңбек заңнамасын қолдану дағдыларымен және еңбек заңнамасындағы өзгерістермен танысу жүзеге асырылады. Біздің міндетіміз – кәсіподақ активінің кәсіби деңгейін арттыру және күнделікті жұмысыңызда табысты қолдануға үйрету», – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.
ҚРКФ Құқықтық қолдау және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов еңбек заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы, атап айтқанда, жұмысшыларды вакцинациялау және қашықтықтан жұмыс істеу мәселелеріне тоқталды.
Қызылорда облысы Кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева қатысушыларды кәсіподақ жұмысының негізгі қағидалары және еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесі туралы хабардар етті.
Қатысушылар тарапынан ҚРКФ-ның Павлодар облысындағы Заң клиникасы мен «Татуласу Орталығы» келісім орталығының бастығы Марина Иванованың дәрісі ерекше қызығушылық тудырды. Ол заңды күшіне енген еңбек даулары бойынша сот жүйесінің шешімдері мысалдарын негізге алды.
Қатысушылар қарастырылған мәселелердің тәжірибелік құндылығын атап өтіп, оқу бағдарламасына айтарлықтай қызығушылық танытты.
Кәсіподақ мүшелері Кәсіподақтар Федерациясына өз мүшелерінің құқықтық мәдениетін арттыру үшін интерактивті білім беру онлайн-платформасын ұсынғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Еске салайық: кәсіподақтық онлайн білім марафоны ҚРКФ-ның бастамасымен 21 маусымнан бері өткізіліп келеді. Оған республиканың барлық аймақтарынан күн сайын 100-ге жуық кәсіподақ мүшелері қатысуда.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы