«БатысгеофизСервис» компаниясында үш күнге созылған еңбек дауы кәсіподақтардың араласуымен шешілді

ҚР Кәсіподақтар федерациясы аймақтардағы еңбек тәуекелдерінің картасына енгізілген  еңбек дауларының туындау ықтималдығы бар кәсіпорындарға күнделікті мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстайды.  Мониторинг аясында осы аптада Жаңаөзендегі «БатысгеофизСервис» компаниясында еңбек дауы туғаны анықталды. Үш күнге созылған еңбек дауы тікелей Маңғыстау облысындағы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің араласуымен шешілді.

Маңғыстау облысындағы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Шадырах Ермекбайұлы хабарлағандай, аталған компанияда бастауыш кәсіподақ ұйымы жоқ. Соған  қарамастан кәсіподақ бірлестігі дауға араласып, Келісім комиссиясын құруға бастама етті. Комиссиясы аясындағы келіссөздер нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, жұмыскерлердің барлық талаптары қанағаттандырылды.  Атап айтқанда, еңбекақы жұмыскерлер санатына байланысты 30%-40%  -ға көтерілетін болды, тамақ мәзірі дұрысталып, кезекті еңбек демалысы 24 күннен 30 күнге ұзартылды.

Өз кезегінде жұмыскерлері өз талаптарының кәсіподақтар  тарапынан дер кезінде болған қолдаудың арқасында шешілгенін айтып, ризашылықтарын жеткізді.

https://youtu.be/2GtujBfOhMw

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы