Әлеуметтік әріптестер еңбек дауларының алдын алу жолдарын талқылады

Бүгін елордада ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптесі – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкеновпен кездесті.

Тараптар еңбек дауларының алдын алу және шешу мәселелері бойынша  пікір алмасты. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әлеуметтік әріптес назарын жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігіне аударды.

Жұмыс берушілер еңбек дауларының алдын алуға ынталы емес. Тіпті  көп жағдайда саналы түрде өршітеді.  Жұмыскерлер еңбек дауларын реттеуде заңнамаға жүгінбей, стихиялық  немесе демонстрациялық акцияларға басымдық беруде. Бұл өз кезегінде  қолданыстағы заңнаманың еңбек дауларын шешуде тиімсіз екенін көрсетеді. Еңбек дауларын тоқтатудың қазіргі тәсілі наразылық көңіл-күйдің уақытша әлсіреуін ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан талап қою және ереуіл жариялау процедурасын жеңілдету үшін Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет»,-деді ҚРКФ төрағасы.

Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин еңбек саласындағы әлеуметтік шиеленістер кәсіподақтардың тұрақты бақылауында екенін хабарлады. Федерация аймақтардағы әлеуметтік шиеленістерге күнделікті мониторинг жүргізеді. Мониторинг мәліметтері бойынша, жыл басынан бері елде  40-тан астам еңбек дауы  тіркелді. Олардың көпшілігі кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда орын алды.

«Алайда ҚР кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары аталған еңбек дауларының барлығының шешілуінде өз үлесін қосты. Кәсіподақтар бастамашылық еткен сындарлы диалогтардың  нәтижесінде еңбек даулары ұзаққа созылмай, тараптар келісімге тезірек келді»,- деді ҚРКФ төрағасы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әлеуметтік диалогты күшейтуге уағдаласты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы