Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының негізгі қызметі – донорлық қан және оның компоненттерін дайындау, қайта өңдеу, сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
«Біздің стратегиялық мақсатымыз – донорлық қан мен оның компоненттеріне тіркелген емдік мекемелердің қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемде талап етілген нормативтік талаптарға сәйкес қан компоненттерін және препараттарын дайындау арқылы халықтың денсаулығын қолдауға қатысу. Қызметтің басқа да маңызды бағыттарының арасында – қан қызметі ұйымдарының озық нысандары мен әдістерін әзірлеу, тәжірибелік денсаулық сақтауда қан компоненттерін өндіру және қабылдаудың заманауи технологияларын енгізу де бар», – дейді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы, жоғары санатты дәрігер-трансфузиолог Сәния Әбдірахманова.
Алғашында аталған орталық Целиноград қаласының Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 1965 жылғы 15 желтоқсандағы №111 бұйрығымен Облыстық қан құю станциясы болып құрылды. Мұнда небәрі бір дәрігер және үш медбике ғана жұмыс істеді. 1968 жылы аумағы сәлде болса кең басқа ғимаратқа көшіріліп, орталықта донорлық кадрларды жасақтау, қан дайындау және өңдеу бөлімдері, клиникалық-биохимиялық, сарысулар және бактериологиялық зертханалар сияқты негізгі құрылымдық бөлімшелер ашылады.
1994 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен және Денсаулық сақтау министрлігінің “Қазақстан Республикасында қан құю станцияларын қан орталықтары деп қайта атау туралы” бұйрығымен облыстық станция Облыстық қан орталығы болып өзгертіледі. 1999 жылы Облыстық қан орталығы қалалық қан орталығы болып қайта құрылады.
2009 жылы “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласында қан орталығы үшін жаңа ғимарат салынып пайдалануға берілді. 2011 жылы мекеме Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы болып құрылады.Бұл трансфузиологтардың өзіндік ғылыми мектебін құруға, әлемдік трансфузиологтар қоғамдастығына ену, сапаның халықаралық стандарттарын қан қызметінің қызметіне енгізу қажеттілігіне негізделген.
Жаңадан салынған заманауи Орталықта кәсіподақ ұйымы мүшелерінің құрамы едәуір кеңейді, жаңа технологиялар енгізіліп, бүгінгі күні Орталықтың негізгі тірегін құрайтын жаңа мамандар келді.
Целиноградта Қан қызметі орталығы құрылған күннен бастап кәсіподақ ұйымының қызметі ұйымдастырылған. Орталықтың мұрағатында сақталған мәліметтерге қарағанда 1988-2018 жылдар аралығында қан орталығының кәсіподақ ұйымының көшбасшылары Л.Гончарова Р. Гильт, Ш.Мұсабекова, Г.Есенбаева және Д.Сұлубекова болған.
Бүгінгі күні Орталықтың кәсіподақ ұйымында 315 қызметкер бар.Ұжымда өндірістік кеңес құрылған, еңбек қауіпсіздігі техникасы жөніндегі инженері бар.
2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін “Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы” бастауыш кәсіподақ ұйымына Ақмарал Тілеубаева төрағалық етеді.
А.Тілеубаеваның айтуынша, Орталықтың кәсіподақ ұйымы мен трансфузиология орталығының әкімшілігі арасында ұжымдық шарт қабылданған. Онда қызметкерлердің жағдайын жақсарту, еңбекақы төлеу және материалдық қолдау бойынша негізгі шарттар жазылған. Мысалы, ұжымдық шартта қызметкердің жақын туысын жерлеу кезінде, зейнеткерлікке шығу кезінде, мерейтойлық күндер кезінде, қызметкерді емдеуді ұйымдастыру кезінде және т.б. материалдық әлеуметтік көмек беріледі. Сондай-ақ, Қарттар күні мен медицина қызметкерлері күніне орталықта 10 жылдан астам жұмыс істеген еңбек ардагерлеріне 5 АЕК беру көрсетіледі.
Трансфузиология орталығы кәсіподақ мүшелерінің жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеру шығындарын да өз мойнына алған. Сондай-ақ жұмыс орындарына аттестаттау жүргізуді ұйымдастырып, зиянды еңбек жағдайлары үшін қызметкерлерді сүтпен қамтамасыз етеді. Алыс және жақын шетелдерде қызметкерлерді оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін оқыту кезінде қызметкерлердің шығыстарын төлейді.
Кәсіподақ жыл сайын Қазақстан шипажайларына жолдамалармен қамтамасыз етеді. Орталық қызметкерлері жыл сайын орта есеппен 5-тен 10 адамға дейін кәсіподақ ұйымы ұсынған жолдамалар бойынша оңалту емін алады.
Жыл сайын қиын материалдық жағдайда қалған қызметкерлерге, балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған аналарға, көп балалы аналар мен мүгедек және мүгедек балалары бар қызметкерлерге материалдық көмек көрсетеді.
«2018-2020 жылдары аз қамтылған қызметкерлер мен мүгедек балалары бар аналарға арналған әрқайсысы 250000 теңге көлемінде 4 сертификат және «35 жасқа дейінгі жас мамандар» номинациясы бойынша 500000 теңгеге 1 сертификат берілді, бұл біздің ұйымның басқа жұмысшылары үшін үлкен ынталандыру болды», – дейді А.Тілеубаева.