Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасы С.Айтасовпен кездесті.
Бірлестік тарапынан жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымы төрағасына кәсіподақ ұйымының жұмыс қағидалары бойынша кәсіподақтар туралы заң аясында түсіндірмелер жасалды. Оның ішінде, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы Ұжымдық шарт жасасу мәселесі бойынша заң нормалары түсіндірілді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М.Нәлібаев ұжымдағы қалыптасқан еңбек қатынастары мәселелеріне байланысты жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік құқықтары мен мүдделері бойынша тиімді келіссөздердің шұғыл жүргізілу қажеттілігі және әлеуметтік әріптестік қатынастардың Ұжымдық шарт арқылы бекітілуі өзектілігін атап өтті.
Еске сала кетейік, жыл басында «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыскерлері жұмыс берушіден жалақыны көтеру, техникалық қауіпсіздікті сақтағаны үшін берілетін сыйақыны қайта қалпына келтіру, персоналды бағалау бойынша жыл қорытындысымен үстемақылар төлеу туралы талаптарын білдіріп, облыс көлемінде әлеуметтік-еңбек шиеленістер тәуекелі бар кәсіпорындар қатарынан көрінген болатын.