“Еңбеккер бейнесінде” – бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Светлана Жұмабаева

Кәсіподақ қызметі – үлкен күш. Бұл – еңбек адамының мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Кәсіподақ қызметкерлердің еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсарту, санаторлық-курорттық емдеу мен демалысты ұйымдастыру, өзге де әлеуметтік шараларды жүзеге асыру сияқты көптеген міндеттерді орындайды.

Осы аталған жұмыстарды абыроймен атқарып жүрген кәсіподақ көшбасшыларының бірі – Мәртөк ауданы, Кеңсахара жалпы білім беретін орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұмабаева Светлана Оралқызы.

Светлана Оралқызы – тарих пәнінің мұғалімі. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел ертеңі, болашақ өрендерді тәрбиелеумен қатар, білім ордасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жүйелі жүргізіп отыр.

Мектеп ұжымын толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. Педагогтар уақтылы жалақысын алып, көптеген әлеуметтік кепілдіктерге ие. Светлана Оралқызы кәсіподақ мүшелерінің талап-тілегіне құлақ түріп, ұдайы ескеріп отырады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының өзгелерге үлгі боларлық тұстары да жетерлік. Елде коронавирус инфекциясының қаупі күшейіп, карантин талаптары енгізілген тұста Кеңсахара орта мектебінің кәсіподақ мүшелері алғашқылардың бірі болып шағын цех жұмысын қолға алды. Бетперде тігіп, оны мектеп ұжымы мен оқушыларға, ауыл тұрғындарына тегін таратты.

Одан өзге мерекелерді жоғары дейгейде ұйымдастырып, мерейтой иелерін, сала ардагерлерін ұлықтауды ұмыт қалдырған емес. Мәселен, жыл сайын қарттар күні қарсаңында игі дәстүр бойынша кәсіподақ мектеп ардагерлерін құттықтайды. Білім ордасында ұзақ уақыт қажырлы еңбек еткен зейнеткер ұстаздарға алғыс айта барып, сый-құрмет көрсетіп келеді. Биыл денсаулық күніне орай «Дені саудың – жаны сау» атты оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен акция өткізілді. Отбасы күні, мұғалімдер мерекесі, жаңа жыл, халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы өзге де мемлекеттік мерекелер мен тарихи маңызды даталар ескерусіз қалмайды. Оқу жылының қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелері лайықты марапаттарға ие болып, оларға қаржылай қолдау көрсетіледі.

Педагогтарды емдеу-сауықтыру орталықтарымен қамту да кәсіподақ қызметінің бір міндетіне айналған.

«Біздің басты мақсатымыз – кәсіподақ жұмысын бүгінгі уақыт пен заман талабына сай ұйымдастырып, еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – дейді кәсіподақ көшбасшысы.