Кәсіподақ жастары кәсіпкерлік бағдарламалардың жүзеге асырылуы аясында ұсыныс білдірді

«Қазіргі жастардың көпшілігінде кәсіпкерлікке деген қызығушылық бар, тек дұрыс бағытты таппай жүргендері көп», – дейді кәсіподақ жастарының өкілі.

Ағымдағы жылдың 22 шілде күні Батыс Қазақстан облыстық «Nur Otan» партиясының ғимаратында партия жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің отырысы өткізілді. Аталмыш кездесуге Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің өкілі де қатысты.

Жиынның күн тәртібінде «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизес» мемлекеттік бағдарламаларының тиімді әрі сапалы іске асырылуы аясында талқылаулар жүргізіліп, сұрақ-ұсыныстар қаралды.

Кездесу барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі координаторы Альбина Болатқызы мемлекеттік кәсіпкерлік бағдарламалар туралы жалпы түсініктеме беріп, өңірде аталмыш бағдарламалар арқылы білім алып, өзінің жеке кәсібін бастаған тұрғындар туралы айтып өтті. Бұл орайда, кеңес мүшелерінен көптеген сұрақтар туындап, ұсыныстарын білдірді. Кеңес төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Шаттық Өтебалиева өз сөзінде аталған бағдарламалардың «Кері байланыс» нәтижесінде көңіл толмайтын тұстарының бар екендігін жеткізді. Оның ішінде сайттың өте баяу жұмыс істеуі жөнінде де айтылды. Сондай-ақ, 500 мың теңгелік гранттар көлемін миллионға дейін ұлғайту ұсынысын білдірді.

Кеңес мүшесі, кәсіподақ жастарының өкілі Ақерке Шайқы кәсіпкерлік бастамалардың, мемлекеттік жобалардың қазіргі жастар үшін, әсіресе NEET тобындағы жастар үшін жақсы мүмкіндіктер беріп жатқанын алға тартып:
– Жастар бағдарлама туралы естімегеннен немесе білмегеннен қабілетсіз. Жастар түсінбегеннен әрекетсіз. Сайттарға ұзындығы ең кемі 8-9 бетті құрайтын жобаның тұжырымдамасын орналастырып, іздеп, сұрай келгендерді сол жаққа сілтемелеу – нәтижелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы деп ойламаймын. «Нақтылық», «Жылдам қорыту» үшін шағын ақпараттық контексттермен жұмыс жасайтын уақыт келді, – деп өз ұсынысын жеткізді.

Еске сала кетейік, соңғы жылдары кәсіподақ жастары әртүрлі сала мамандарымен, жастар ұйымдарымен бірлескен іс-шараларға белсенді атсалысып, кәсіподақ қызметіндегі жастар саясатының жан-жақтылық, ынтымақтастық қабілеттілігінің артуына үлес қосуда.