«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалына қарасты қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ құрылғанына 10 жыл толып отыр.
2011 жылы ашылған уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» т.б. мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, жұмыссыздықты азайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға себепкер болуда. Жастардың жұмыспен қамтылуына, оқушылар мен студенттердің бос уақытының тиімді пайдалануына, өз ісін ашуға шағын несие, грант, кәсіпкерлікпен айналысуға көмек беріп келе жатыр.
2018 жылы аз қамтылған отбасыларға жаңа форматта «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» тағайындау функциясы іске қосылса, медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты азаматтардың мәртебесін анықтау үшін үй-жайларды аралау, оқу орындарының түлектерін жұмысқа бағыттау мақсатында кездесулер, бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін ұйымдастыру, әртүрлі санаттағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру, енгізіліп жатқан жаңашылдық туралы орталық мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп келеді.
Осының арқасында 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезеңінде шектеу шараларына қарамастан, өңірде «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы сәтті іске асырылды.
Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде нәтижелі еңбекпен қамтуға жәрдемдесу шаралары 128,6 пайызды құрап, өңірде жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берілді, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 4,9 пайызды құраған болатын.
Бұл көрсеткіштің артында аталған орталықтың мамандарының – бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің кәсіби шеберлігі мен әлеуметтік әріптестіктің нәтижелі жұмысы тұр.
Мекеменің 10 жылдық мерейтойында «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы М.Сағындықова құттықтап, бірқатар қызметкерлерге Құрмет грамотасын табыстады.