Қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі талқыланды

Қазақстандағы еңбек қатынастарына қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Еңбек кодексі, заңдар және басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларына сәйкес айқындалған кең құқықтар мен бостандықтарға ие.

Қостанай аймағының барлық мүдделі мекемелері үшін диалог алаңын құру мақсатында 2021 жылғы 21 шілдеде «Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі сот органдары, еңбек инспекциясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, адвокаттар коллегиясы, «Заңгер» заң кеңесшілерінің палатасы, медиаторлар, Қостанай облысының заң кеңесшілерінің палатасы, жұмыс берушілер, Қостанай облысының салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау» атты дөңгелек үстелін өткізді.

Дөңгелек үстелді АКБ төрайымы Ирина Аронова ашты, қатысушыларды жергілікті және салалық кәсіподақтардың қызметі туралы хабардар етті, әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы кәсіптік одақтың еңбек және әлеуметтік қатынастардың проблемалық мәселелерін шешу тетіктері туралы айтты, ұжымдық шарттар, заң клиникасының жұмысы, кәсіподақ белсенділеріне арналған іс-шараларға тоқталып өтті.

Қостанай қалалық сотының төрешісі Асқар Бекенов «Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін сот арқылы қорғау» тақырыбында сөйлеген сөзінде еңбек келісім-шарттарын жасасудың маңыздылығына, халықты өздерінің Еңбек кодексі аясында еңбек саласындағы құқықтары туралы ақпараттандырудың рөліне, медиация, келісім комиссиясының жұмысына, ӘПК негізгі нормалары және басқа да мәселелерге тоқталып өтті.

Қостанай қалалық сотының төрағасы Қанат Шакаров шағын кәсіпкерлік субъектілері көбінесе кәсіподақ, ұжымдық шарт, еңбек келісім-шарттары жасалмағандықтан еңбек жанжалдарына ұшырайтынына назар аударды. “Сонымен қатар, келісім комиссиясының формалды түрде жұмыс жасау проблемасы тағы бар. Кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жою, кемсітушілікке жол бермеу, азаматтардың өміріне қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді”, – деді ол.

“Қазақкәсіпметалл” тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағасы Михаил Литошенко кәсіподақ жүзеге асырып жатқан жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шаралар туралы айтты. Бүгінгі күні кәсіподақ 32673 кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғайды. 12 өндірістік кеңестің жұмысы өндірісте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. 142 техникалық инспекторлар мен 1264 қоғамдық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі бойынша сапалы жұмыстар жүргізуде. Әкімшілік пен кәсіподақтың әлеуметтік әріптестігі жұмысшылардың барлық әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жағдайларын үнемі жақсартуға мүмкіндік береді, ұжымдық шарттарға қажетті өзгерістер енгізіледі.

Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Хусаинова жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудегі көмек түрлері туралы хабарлады.

Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқарамасының м.а. Бақытжан Макеев «Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік құқықтар мен мүдделерді қорғауды қамтамасыз етудегі мемлекеттік бақылау» тақырыбында сөз сөйледі. Жергілікті атқарушы органның 14 инспекторы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бойынша жұмыстарды жүргізуде, бірақ инспекторлар саны бүкіл аймақта осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Кәсіподақтар орталығымен бірге 2019-2023 жылдарға өндірістік жарақаттар мен қолайсыз еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту бойынша Жол картасын іске асыру жұмыстары одан әрі жалғасын табатыны туралы айтты.

Қостанай облыстық алқасының заңгері Ешмухамет Шиктыбаев «Жұмыскерлердің еңбек, әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіндегі адвокаттық қызмет» тақырыбында сөз сөйледі, келісім комиссиясының жұмысына назар аударды. Оның айтуынша, үлкен мәселенің бірі – қарапайым еңбек шартының болмауы, жұмысшылар тарапынан, жұмыс берушілер тарапынан да бұзушылықтар кездесетінін айтты. Қызметкерлердің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың бірлескен жұмысының нәтижесі әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша ұсыныстар болды.