Жақында елу жасқа толған Қайыржан Құсантаев биылғы металлургтер күнін бірнеше отбасылық қуанышпен қарсы алды. Ол ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты бұрғылау қондырғысының машинисі. 27 жыл комбинаттың көк аспенмен көмкерілген карьерлерінде еңбектеніп жүрген қызметкер осы жылы үздіктер қатарынан табылып, Құрмет тақтасынан көрінді.
Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Құсантаевтар әулетін Дөң ауылынан бөлек, түгел Хромтау жұртшылығы жақсы таниды. Осы әулеттің бәйтерегі Орынбасар өмір бойы «Дөң» кенішінде қызмет етіп, сол жақтан зейнетке шыққан еді. Төрт қыз, төрт ұл өсірген әке ізімен балалары да өсе келе өндіріске келеді. Комбинатта Құсантаевтар сынды ғасырға жуық уақыт аралығында кәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттер жетерлік. Барлығының еңбек жолы бір-бір тарих.
Бір ерекшелігі, олардың барлығы өз таңдауларымен келді мұнда. Қыздары Дөң тау-кен байыту комбинатының фабрикаларында түрлі қызметте болса, ұлдары – «Дөң» кеніші мен тау-кен көлік тасымалдау цехының белді қызметкерлері. Олай деуге негіз бар. Себебі, өткен жылғы металлургтер күнінде Қайыржанның ортаншы ағасы Ғалым салалық марапатпен мадақталып, «кеншілер» әулетіне қуаныш сыйлаған еді. Тура бір жылдан соң, інісі Қайыржан да жұмысының жемісін көріп отыр.
Шілде айы – Қайыржан Орынбасарұлы үшін айтулы мерекеге толы айлардың бірі. Ердің жасы – елу деп, жетінші шілдеде елу жасқа толған кейіпкеріміз биылғы металлургтер күнін бірнеше қуанышпен қарсы алды. Өзінің туған күнінен бөлек, болашағынан көп үміт күттіретін кенже қызы да тоғыз жасқа толды. Әрі биыл жары Дауриямен шаңырақ көтергендеріне жиырма бір жыл екен.
– Осы жылы кеншілер мерекесін отбасымызбен есте қалатындай етіп атап өткіздік. Онсыз да бұл күні жыл сайын үш ағайындығының балаларының басын қосып, әкеміз салған сара жолды ұлықтап келеміз. Құрмет тақтасына ілінгенім Құсантаевтардың қуанышын арттырып, құттықтап келіп жатқандар да көп. Балаларыңның алдында еңбегіңнің еленіп, олардың саған мақтанышпен қарағаны ерекше сезім екен, – деп іштегі ризашылығын да білдірді сөзінің арасында.
Зейнеттік жасқа дейін карьерлерде бұрғылау ісімен айналысып өткен Орынбасар әкенің қос ұлы дәл осы мамандықтың иелері. Әулеттің үлкені Ғазиз да кезінде бұрғылау ісімен айналысқан екен.
– Бала күнімізден әкеміз бізді еңбекке үйретіп өсірді. Сонда бала болсам да, әкемнің қандай жұмыс істейтінін түсінуші едім. Уақыт өте келе, ағам да осы жолды таңдады. Одан кейінгі ортаншы ағам тау-кен көлік тасымалдау цехында жүк көліктерін айдайды. Менен кейін тағы бір інім болған еді. Ол өкінішке орай өмірден ерте кетті. Ал мен бұрғылау ісіне келдім. Осы күнге дейін бұл қызметім мені еш жалықтырған емес, – дейді Қайыржан Құсантаев.
Хром кенін бұрғылауды ең алғаш Дөң тау-кен байыту комбинатының «ҚазКСРО 40 жылдығы» карьерінде бастап, кейіннен әкесі жүрген жол – «Южный» карьеріне кеңейту жүргізіп, «Поисковый», бүгінде «Геологическое 1» карьерлерінде бұрғылау ісін жүргізіп жүр. Ауысым сайын 190 метр тереңдікке дейін ашық әдіспен кен қазып шығарады. Күннің ыстық-суығында карьердің температурасына үйренген бұрғылау мамандарының «Дөң» кенішінде жиырмадан аса саны бар. Олардың барлығы бір мақсатқа жұмылғандар.
Қайыржан Орынбасарұлының жас күніндегі арманы – келешекте өз ұлдарын өндіріске әкелу еді. Әйтсе де, оған үш қыз бұйыртып, бүгінде олардың қызықтарын көріп отыр.
– Алдыңғы буын үзілмесін деген нитепен ұлды болсам, ер жеткесін оны «Дөң» кенішіне алып келемін деген арманым болған еді. Құдай маған айдай сұлу үш қыз сыйлады. Екінші қызым «маркшейдер ісін» таңдап, Қарағанды қаласында білім алуда. Біздерге бұрғылау жобасын маркшейдерлер дайындайды. Енді бір-екі жылда өз қызым маған жоба дайындап береді. Ал мен сол бойынша жұмысымды атқарамын, – деді жымиып.
Кеншілер әулетінің өрісін кеңейтуге ықыласы зор, әулет жауапкершілігін арқалаған Қайыржан Құсантаевтың арманы орындалғалы тұр. Әке жолын, аға ізін құрметтеген қызметкер мұндай бақытқа әлбетте лайық.