Қазақстан мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары еңбекақы төлеу жүйесінің мәселелері мен келешегін талқылады

23 шілдеде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық Еңбек Ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан Республикасындағы еңбекақы төлеу жүйесі: мәселелері мен жетілдіру келешегі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ҚРКФ мен ХЕҰ ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов, ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия секторының жетекшісі Сергеюс Гловацкас, ХЕҰ еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюросының аға маманы Рафаел Пилс, ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер қызметі жөніндегі бас маманы Гоча Александрия, ХЕҰ халықаралық сарапшысы Харри Талига, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппик, Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы Бас хатшысының орынбасары Наталья Подшибякина, Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Бахтиер Махмодалиев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, халықаралық ұйымдардың, шетелдік ұлттық кәсіподақтардың, салалық кәсіподақтардың және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекақы қоғам мүшелерінің көпшілігі үшін олардың әл-ауқатының негізі болғанын және солай болып қала беретіндігін атап өтті.

«Жалақы арқылы қоғамдық құрылыстың әлеуметтік әділеттілігі туралы көрініс қалыптасады. Төмен ақы төленетін жұмыс күші қоғамға қымбатқа түседі және жұмыс күшінің қалыпты өндірісін қамтамасыз ете алмайды. Кейбір жұмыс берушілердің арзан жұмыс күшін пайдалану арқылы бәсекелестік артықшылыққа ие болуға деген ұмтылысы сенімсіз және болашағы жоқ. Арзан жұмысшының экономикасы оның құлдырауына апаратын жол екендігі белгілі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, қазіргі кездегі еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау және жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін ескере отырып, Қазақстандағы еңбекақы төлеу жүйесі жетілдірілмеген.

«Қазақстандағы еңбек нарығындағы ахуалды бағалай отырып, сарапшылар егер алдағы жылдары елде жалақы деңгейі мен халықтың нақты табысы айтарлықтай өспесе, онда ішкі нарықтағы төменгі төлем қабілеті бар сұраным экономикалық өсуге кедергі болады деген қорытындыға келуде», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Оның пікірінше, жалақыны және әлеуметтік саланың басқа да мәселелерін реттеу тез шешімді қажет ететін жалпы мемлекеттік міндет сипатына ие болады.

«Жұмыспен қамту, жалақы мен еңбек қатынастарын реттеу саласында заманауи, икемді құқықтық базаны құру өткір қажеттілік болып табылады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жалақы мәселелерін реттеу бойынша жұмыстың басым бағыттары ең төменгі жалақының жүйелі өсуі және оның халықаралық стандарттарға жақындауы болуы керек деп санайды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қатысушыларға әлеуметтік әріптестік шеңберінде жалақыны реттеу жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы айтты.

«Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанның ХЕҰ-ның «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялауы, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру және олардың жылдық индекстелуі бойынша кеңестер өткізумен байланысты мәселелерді 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге енгізе алды. Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестер Конвенцияны ратификациялау бойынша кеңестер өткізу жөніндегі жұмыс жоспары мен жұмыс тобының құрамын бекітті», – деді ҚРКФ төрағасы.

ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия секторының жетекшісі Сергеюс Гловацкас өз сөзінде ХЕҰ №131 конвенциясын Қазақстанда қолдану маңыздылығын атап өтті.

«Арзан жұмыс күші дегеніміз – төмен өнімді және тиімсіз жұмыс күші. Лайықты еңбек, лайықты жалақы – Қазақстанның өркендеуінің кепілі», – деп атап өтті Сергеюс Гловацкас.

Халықаралық сарапшы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының жұмысындағы оң өзгерістерді атап өтті.

«Өзгерістер көңілге үлкен сенім мен қуаныш ұялатады. Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы көп жұмыс жасауда – заңнамалық түзетулер енгізілді, Федерация төрағасын демократиялық сайлау өткізілді, әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ ұйымдары арасында сындарлы ішкі диалог құрылды», – деп атап өтті халықаралық сарапшы.

Ол ҚРКФ бастамаларын қолдайтынын және одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін айтты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов дөңгелек үстел тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол пандемиялық дағдарыс кезінде халықтың табысының төмендеуі туралы айтты.

«Өткен жылы Қазақстанда алғашқы 9 айда халықтың табысының төмендеуі байқалды. Алайда уақтылы шараларды қабылдау өткен жылдың соңғы тоқсанында кірістердің алдыңғы жылмен салыстырғанда 125 мың теңгеге немесе 15% өсуіне алып келді. Өткен жылы жұмысшылардың жалақысы 14% өсіп, 215 мың теңгеге жетті. Министрлік пен Үкімет халықтың кірістерінің жалпы деңгейін ұстап тұруға, пандемия кезінде жұмыс орындарының және жалақының күрт төмендеуіне жол бермеуге және жұмыс берушілерді жұмысшылардың кірістерін көбейтуге ынталандыруға бағытталған», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Ол әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмысқа ерекше назар аударды.

«Биыл біз Бас келісімге қол қойдық, онда біз негізгі шараларды анықтап, жол картасын қабылдадық, аталмыш құжатта ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселелері негізгі бөлім ретінде көрсетілген. Жұмыс берушілер жалақыны көтеруге әрқашан дайын болмайды. Менің ойымша, бұл уақыт талабы және біз халықтың кіріс деңгейінің біртіндеп өсуіне келеміз», – деп атап өтті министр.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппик ХКК жаңа қоғамдық келісімге қол жеткізу бойынша ұстанымын жеткізді.

«Дағдарыс, әсіресе, төмен жалақы төленетін салаларға қосымша қысым жасады. Мұның бәрі сатып алу қабілетінің төмендігіне, әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігіне және мемлекеттік қызметтердің жеткіліксіз қаржыландырылуына алып келеді. ХКК сапалы жасыл жұмыс орындарын лайықты еңбек ақымен, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаумен, жалақы бойынша теңдікпен және кемсітуден қорғаумен қамтамасыз етуге негізделген жаңа әлеуметтік келісімді жасауға шақырады», – деді Антон Леппик.

Ол сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялау бастамасының жалпыға бірдей барабар әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.

«ҚРКФ №131 конвенцияны ратификациялау туралы бастамасы уақтылы және қажет. Әділетті еңбекақы мәселесі ұлттық, салалық, аймақтық және кәсіпорын деңгейлердегі келіссөздер үстеліндегі басты мәселе болғаны маңызды. Бұл әлеуметтік шиеленістер мен күрделі еңбек дауларының алдын алуға көмектеседі», – деді ХКК сарапшысы.

Ф.Эберт атындағы Қордың Қазақстан мен Өзбекстандағы аймақтық директоры  Кристоф Мор өз сөзінде дүниежүзілік пандемия жұмысшыларға ең көп әсер еткенін атап өтті.

«Лайықты жалақы – бұл өмір жағдайының маңызды кепілі. Еңбекақы жүйесі – бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірі», – деп атап өтті Кристоф Мор.

Өзбекстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Бахтиер Махмодалиев Өзбекстан кәсіподақтары жұмысының басым бағыттары туралы айтты.

«Жаңа кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің құқықтық негіздерін құруда, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуде, жалақыны уақтылы алуда, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғауда көрініс табады. Карантиндік шектеулер жағдайында кәсіподақтар 4,5 миллионнан астам әртүрлі мамандықтағы жұмысшыларға еңбекті қорғау және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті және 50 мыңға жуық аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті», – деді спикер.

Бахтиер Махмодалиев Қазақстанмен ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, өзара қарым-қатынастың өсіп-өркендей түсетініне сенім білдірді.

«Соңғы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан кәсіподақтары федерациялары арасындағы қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Біздің бір-бірімізден үйренеріміз көп», – деп қосты ол.

Еңбек ақыны белгілеу және қорғау саласындағы ХЕҰ халықаралық стандарттарын жиналысқа қатысушыларға АКТРАВ, ХЕҰ, Еңбеккерлермен жұмыс жөніндегі аға маман Рафаэль Пилз таныстырды.

«ХЕҰ өзгеріп отырған экономикалық жағдайда жұмысшылардың мүдделерін ескере отырып, әлеуметтік диалог ауқымды болуы керек деп жариялайды», – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, Covid-19 кезінде жалақыдағы теңсіздік мәселесін шешудің өзектілігі артты.

Осы тұрғыда Халықаралық еңбек нормаларын, соның ішінде ХЕҰ-ның №26, №131, №95, №173 конвенцияларын және басқа құжаттарды тиімді қолдануды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, сарапшы әлеуметтік әріптестердің жан-жақты және тұрақты кеңестерін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандағы негізгі мәселелер туралы айта отырып, Рафаэль Пилз әлеуметтік әріптестіктің рөлін нығайту, лайықты еңбекақы, жұмысшылардың талаптарын ескеру және белгіленген минималды төлемнің орындалуын іс жүзінде бақылау қажеттігін атап өтті.

Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Наталья Подшибякина аймақтағы тәуелсіз мемлекеттердегі 2020 жылғы еңбекақы жағдайы туралы айтты.

«2020 жылы, дүние жүзі бойынша еңбек нарығы жаһандық пандемия салдарынан күрделі сынақтарға тап болған кезде, аймақ мемлекеттерінде  жұмысшылар көбінесе жұмыссыз қалу, жалақыны төмендету немесе толық емес жұмыс режиміне ауысу жолын таңдауға мәжбүр болды. Бұрынғыдай, аймақ елдеріндегі орташа жалақы деңгейі төмен болып қалуда, бұл толыққанды адам өмірі үшін жеткіліксіз. Жалақының едәуір бөлігі «желініп қалады», – деді Наталья Подшибякина.

Оның айтуынша, аймақ елдеріндегі жұмысшылардың көпшілігінің жалақысының төмендігі көбінесе кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырауымен байланысты жалақы төлеуді кешіктіру салдарынан күшейе түсті.

«Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС-нің директоры, тәуелсіз сарапшы Сәруар Кенжеболат қатысушыларды Қазақстан Республикасы экономика секторларындағы жалақы деңгейінің талдауымен таныстырды.

Ол 2020 жылы жалақыға қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті: ЖІӨ-дегі жалақының төмен деңгейі (31%), белгіленген ЕТЖ мен КМК төмендету, бұл орташа айлық жалақыдан 5 және 6,5 есе төмен сәйкесінше.

Ең көп жалақы алатын салалардың ішінде ол қаржылық және сақтандыру қызметін, ғылыми-техникалық қызметті, сондай-ақ ақпарат пен байланыс саласын атап өтті. Ең төменгі жалақы алатын салалардың қатарына ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, өнер, ойын-сауық және демалыс, жылжымайтын мүлік операциялары жатады.

«Салалар, мамандықтар және лауазымдар бойынша орташа жалақы мөлшерінде айтарлықтай алшақтық бар. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар салалардағы кәсіптер: ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау «жете бағаланбаған» салалар болып табылады. Жалақыдағы айырмашылықты қысқарту үшін ең төменгі жалақы мен күнкөріс минимумының лайықты көлемін белгілеу қажет. Табысы жоғары және табысы төмен секторлар арасында әділетті «қайта бөлу» тетіктерін қолданған жөн», – деп кеңес береді Сәруар Кенжеболат.

ХЕҰ-ның сарапшысы Харри Талига Еуропадағы жалақыны бекіту тәжірибесінің оң мысалдарына тоқталды.

Оның айтуынша, жалақы келіссөздеріндегі табыстың кілті ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуде, тарифтік мөлшерлеме бойынша ұжымдық шарттарда және т.б. кәсіподақтардың белсенділігіне негізделеді.

Ол Австрия, Дания, Финляндия, Швеция, Италия, Кипр сияқты ЕО елдерінің оң тәжірибелеріне сүйенді.

«Жалақы мәселелерінің ұжымдық шартта көрінуі – кәсіподақ жұмысының негізгі көрсеткіші. Тек кәсіподақтар ғана жұмысшыларға құрылған қоғамдық байлықтың әділ үлесін қамтамасыз етеді. Кәсіподақтардың келіссөздер процесінде тиімді қысым әрекеттерін жүзеге асыруға қабілеттілігі мен дайындығы», – деп атап өтті Харри Талига.

Ф.Эберт атындағы Қордың сарапшысы, Германия Федералдық Еңбек министрлігінің рефератының жетекшісі Ян Буш Германияның еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру тәжірибесімен бөлісті.

Оның айтуынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Германияда ең төменгі жалақы заңнамалық деңгейде енгізілді, оның деңгейі бүгінде сағатына 8,50 еуроны құрайды.

«Заңды ең төменгі жалақының енгізілуі төмен жалақы төленетін салалардағы жалақыны едәуір арттырды. Бұл еңбек нарығына және кәсіпорындардың экономикалық жағдайына қол сұғушылық болған жоқ. Германия кәсіподақтары тарифтік автономияға қажетті қолдау көрсетеді», – деді ХЕҰ сарапшысы.

Әзірбайжан кәсіподақтары конфедерациясы еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бөлімінің жетекшісі Шыңғыс Тагиев Әзірбайжанның жалақы мәселелерін шешудегі тәжірибесі туралы айтты.

«Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша Әзірбайжанның ЖІӨ-нің жалақы қарқындылығы айтарлықтай төмендеді және 20 пайыздан аспайды. Әзербайжан кәсіподақтары конфедерациясы жалақы мәселелерін кезең-кезеңімен талдайды және осы жұмыстың нәтижелерін әлеуметтік әріптестердің назарына ұсынады. Бас келісімде еңбекақы саласындағы тараптардың міндеттемелеріне қатысты арнайы бөлім қарастырылған. Әлеуметтік әріптестер біздің талаптарымызды қолдады және 2019 жылы ең төменгі жалақы шамамен екі есеге көбейіп, 125 еуроны құрайтын 2 әлеуметтік пакет қабылдады, бұл сайып келгенде елдегі орташа жалақының өсуіне алып келді, өткен жылы ол 350 евродан асып кетті. Осылайша, Әзірбайжан өз міндеттемелерін орындауда күрт алға жылжыды. Айта кету керек, бүгінде ел ТМД мемлекеттері арасында екі көрсеткіш бойынша да көш бастап тұр», – деді Шыңғыс Тағиев.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Қазақстандағы жалақы саласындағы кейбір проблемалық мәселелерге тоқталды.

«Жалақы деңгейін бағалау кезінде біз орташа мәндер мен салыстырулардан бас тартып, бірінші кезекте тұтыну қоржынына назар аударуымыз керек. Заңнамалық деңгейде жұмыспен қамту мәртебесін анықтау және жұмысшыларды тіркеу тәсілдерін қайта қарау қажет», – деді депутат.

Қазіргі уақытта депутаттық корпус салалық тиістілікті белгілеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Депутаттар ҚРКФ-мен бірге әділ жалақыны анықтау және қалпына келтіру бойынша үнемі жұмыс істейді», – деді Екатерина Смышляева. Проблемалық мәселелердің қатарында ол, сондай-ақ, жұмыс күшін нормалау жүйесін қайта қарау, сондай-ақ ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерін еңбек нарығының нақты жағдайларына бейімдеу қажеттігін атап өтті.

Экономика ғылымдарының докторы, Қазақ еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры Серікжан Берешев өз сөзінде еңбек заңнамасындағы жалақыны реттеудегі бірқатар қарама-қайшылықтарға тоқталды.

«Еңбек кодексіне сәйкес, ірі және орта кәсіпорындарда жалақы жүйесі ұжымдық шартта реттелуі керек. Кәсіподақтар бұл шаралардан бас тартқан жағдайда ғана, бұл мәселе жұмыс берушінің актілерімен қабылданады. Тәжірибе көрсеткендей, негізінен еңбекақы төлеу туралы барлық ережелерді жұмыс беруші әзірлейді. Кәсіпорындағы қызметкерлердің өкілдері заңнаманың осындай мүмкіндіктер беретіндігін білмеуі мүмкін. Жұмыс берушіден айырмашылығы, заңнамалық деңгейде кәсіподақтар жұмыс берушімен ұжымдық келіссөздерге қатысу үшін тәуелсіз сарапшыларды шақыру мүмкіндігіне ие емес», – деп атап өтті ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Ол сондай-ақ жалақы бойынша әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«ҚРКФ әлеуметтік әріптестер алдында жалақы мәселелерін заңнамалық тұрғыдан көрсетуді бастауы керек. Бүгінде ең төменгі жалақы барлық экономикалық көрсеткіштерден алшақтап кетті. Жалақы – бұл келісімшарттық санат, сондықтан №131 конвенцияны қабылдау және оны Бас келісімде көрсету қажет», – дейді Серікжан Берешев.

KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина жұмыс беруші тұрғысынан әлеуметтік әріптестік мәселелеріне тоқталды.

«Қауымдастық – бұл толыққанды әлеуметтік әріптес және бірнеше жыл бойы мұнай-газ саласындағы салалық келісімнің, сонымен қатар соңғы Бас келісімнің қол қоюшысы. Кәсіпорындағы жалақыны ұйымдастырудың негізгі талаптары өндіріс бірлігіне кәсіпорын шығындарын азайту кезінде жалақының нақты өсуін қамтамасыз ету және жалпы алғанда кәсіпорынның тиімділігі өскен сайын әр жұмысшыға жоғары жалақының кепілдігі болып табылады», – деп атап өтті Ләззат Ахмурзина.

Оның айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімде әлеуметтік әріптестер өндіріс тиімділігінің өсімі есебінен сала жұмысшыларының жалақысын арттыру саясатын жүргізу үшін өзара жауапкершілікті мойындайтынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта салалық келісімді Бас келісімге сәйкес келтіру үшін жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, әлеуметтік әріптестік тараптары еңбекақы төлеудің негізгі қағидаттарын сақтау тұрғысынан салалық келісімге өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда», – деді Ләззат Ахмурзина.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева бюджеттік сала жұмысшыларының еңбекақы төлеу  жүйесі туралы айтты.

«Жұмысшылардың өкілдерінде алаңдаушылық тудыратын күрделі сұрақтар бар. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы мемлекеттік қызметтерді коммерцияландыруға байланысты қарастырылып отырған жалақы жүйесін қолдану аясы тарылды. Елде мемлекеттік мекемелер шаруашылық жүргізу құқығы, коммерциялық емес акционерлік қоғамдар және басқа да құқықтық нысандар негізінде мемлекеттік кәсіпорындар болып жоспарлы түрде қайта құрылуда. Бұл үрдіс әлеуметтік маңызы бар қызметтерді ұсыну саласында жұмыс істейтін жүз мыңдаған жұмысшыларды мемлекеттік қызметшілер мәртебесінен айырады. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестермен бірге кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік келісімдерінің шарттары арқылы сақтауға тырысады. Салалық деңгейде әлеуметтік әріптестікті дамытудың арқасында көптеген проблемалық мәселелер шешімін табуда», – деді Айгүл Мұқашева.

Ол ҚРКФ басшылығына бюджеттік сала қызметкерлерінің мәселелерін шешуге қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

ХЕҰ Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер қызметі жөніндегі бас маманы Гоча Александрия өз кезегінде елдердің ХЕҰ құжаттарының ратификациялануына қарамастан стандарттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Ол кәсіподақтардың консультация, медиация, арбитраж және ереуіл сияқты ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімді әдістеріне ие болу және қол жетімділіктің маңыздылығын атап өтті.

«Халықаралық стандарттар кәсіподақтардың келіссөздер механизміне қол жеткізуін талап етеді. Келіссөздер тығырыққа тірелген кезде жұмысшылар ұжымдық еңбек дауларын, оның ішінде жалақы мәселелерін шешу тетіктерінің тиімділігін сезінуі керек. Егер ереуілге шығу құқығы қамтамасыз етілсе, онда жұмысшылардың кәсіподаққа кіруге деген ынтасы жоғары. Ереуіл құқығы – ХЕҰ-ның №87 конвенциясымен кепілденген бірлестіктер еркіндігінің бір бөлігі», – деді Гоча Александрия.

Талқылау нәтижесінде дөңгелек үстелге қатысушылар жалақыны реттеу саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар пакетін қабылдады.

Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы