2021 жылғы 26 шілдеде Павлодар қаласының жұмыспен қамту орталығында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасынан шыққан ізденушілер мен білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін “Бос орындар жәрмеңкесі” өтті.
Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері жұмыс іздеушілермен жұмысқа орналасу, еңбек шартын жасасу мәселелері бойынша жеке консультациялар өткізді.
“Бос орындар жәрмеңкесіне” қатысушылардың назарына ақпараттық және үлестірме материалдар ұсынылды: буклеттер, еңбек шартын жасасу туралы, Татуласу орталығының және Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Заң клиникасы филиалының жұмысы туралы жадынамалар. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер еңбек шартын жасасудың артықшылықтары туралы түсініктеме алды.
Ең танымал және қолжетімді жұмыс нұсқаларының бірі – маусымдық. Көбінесе маусымдық жұмыс түрлері бейресми сипатқа ие, бұл қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтамауға әкеледі.
Бейресми жұмыспен қамтуды болдырмау және жас мамандардың еңбек қатынастарын заңдастыру үшін бос орындар жәрмеңкесінде Павлодар облысы Кәсіподақ орталығының “Келешек” жастар кеңесі “Еңбек шартын жасаңыздар” акциясын өткізді. Диплом алған мамандар еңбек заңнамасы мәселелері бойынша кеңес алды, еңбек шартын жасасу қажеттілігі, оның мазмұны, оны ресімдеу және сақтау тәртібі, қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері, жалақы мөлшері, демалыс беру және әлеуметтік кепілдіктер алу туралы түсінік алды.
Жастардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуі үшін жәрмеңкеге қатысушыларға Кәсіподақ орталығының қоғамдық қабылдау бөлмесінің байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық флаерлер табыс етілді.