Ағымдағы жылдың 29 шілде күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында Батыс Қазақстан облысындағы кәсіподақ мүшелері мен мамандары үшін онлайн оқыту семинары өткізілді.
Шараға жалпы 100-ге жуық кәсіподақ мүшесі қатысты. Алғашқы алғы сөзді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастады. Ол өз сөзінде қазіргі еңбек қатынастарында қызметкерлердің құқықтық сауатты болуының маңыздылықтарына тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелерін белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясының Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов өз сөзінде ҚР Еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты. Құқықтық сала бойынша кәсіподақтың білікті, тәжірибелі маманы, ҚРКФ-ның ұйымдастыру және бақылау жұмыстары жөніндегі директор орынбасары Ләззат Есжанова еңбек қатынастарында қолданылатын тәжірибелермен, орын алған жағдаяттық мәселелермен бөлісті. Сондай-ақ “Павлодар облысы кәсіподақтар орталығы” АКБ жанындағы Татуласу орталығының жетекшісі Марина Иванова заңдық сипат алған еңбек шиеленістерін тиімді шешудің теориядан практикаға дейінгі мысалдарын айтып өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өздерінің сұрақтарын оқыту семинарының спикерлеріне қойып, жауаптарын алды. Оның ішінде білім саласы қызметкерлерінен еңбек демалысы кезінде қызметкердің біліктілігін арттыру жағдайында кеткен күндері, декреттік демалыс және еңбекақы аясында сұрақтар болды.