«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы Әлтеевтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Жиынға қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер Конфедерациясының өкілі Альберт Толщин, кәсіподақ төрағалары мен қызметкерлері, мемлекеттік басқарма басшылары қатысты.
Комиссия отырысында жалақы қарыздары мен еңбек шиеленістерін шешу, алдын-алу, өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, ұжымдық шарттар, «Еңбек жолы» конкурсына және «Парыз» конкурсына қатысушы үміткерлердің өтінімдерін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдау жөнінде мәселелер қаралып, ұсыныстар айтылды.
Белгілі болғандай, «AN-TRAST SECURITY» ЖШС-нің қызметіне тапсырыс беруші “Speed aport” әзірбайжандық компаниясымен 2014 жылдан бері келісім-шарт аясында жұмыс жасап келген. Бұған дейін күзетшілердің жалақысы уақтылы төленбеген жағдай болған. Алайда, 3-4 ай көлемінде мәселе шешімін тауып келген. Бұл жолы 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап басшылығы ауысқан, содан 2021 жылдың наурыз айы аралығында жалақы қарыздары өтелмеген. Жалақы қарыздары өтелмеген соң, бүгінгі таңда мәселе сотта қаралуда. Бүгінгі таңда “Speed aport” әзірбайжандық компаниясы «AN-TRAST SECURITY» ЖШС-не 28 миллионға жуық қаражат қарыз, оның 9 миллионы жалақы қарыздары.
Ал, «Завод строительных металлоконструкций» (ЗСМК) ЖШС-нде жалақы қарыздары 57 миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды. Серіктестік директорының орынбасары Мадияр Күмісбеков мәлімдеуінше, жалақы қарыздары 2020 жылдың ақпан айынан бері өтелмей келген. Оған басты себеп пандемияның жұмысқа кері әсері болып отыр. Дегенмен, компания басшылығы бір ай көлемінде жалақы қарыздарын толығымен өтеуге уәде берді. Қазіргі таңда 140-қа жуық жұмысшылар басқа жерде уақытша жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желілерінің Шымкент бөлімшесі» жұмыскерлерінің ереуілде қойған талаптары бойынша директордың бірінші орынбасары Бердібай Сейсенов жауап берді. Жұмысшылар алдымен, бүгінгі нарықтық жағдай байланысты жалақы мөлшерін көтеруді сұраған. Қазіргі таңда жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға көтерілді. Ағымдағы жылдың сәуір айына дейін демалыс күндері кезекшілікке шыққан жұмысшыларға қосымша қаржы төленіп келген. Алайда, компания шығындарына байланысты 2 ай төленбей қалған. Дегенмен, жұмысшылар өтінішінен соң, 7 миллионға жуық қаржы, әр жұмысшыға шамамамен 20 мың теңге көлемінде берілген. Бұдан кейінгі мәселе, жұмысшылар жұмыс ауырлығын ескеріп, зейнет жасын қысқартуды сұраған. Бұл мәселе бойынша арнайы хат дайындалып, үкіметке жолданатыны айтылды. Сонымен қатар, жұмысшылар Шымкент қаласы мегаполис қатарына енгеніне байланысты, жалақыларын көтеруді талап еткен. Осы бойынша, қалада тұратын жұмысшылардың жалақысы 15 пайызға көтерілген. Ал, киім мәселесіне келсек, осы жағдайдан соң барлық жұмысшылар 100 пайызға киіммен қамтылған.
Айта кетейік, үшжақты комиссия отырысында қаралған бес мәселенің үшеуі қалалық Кәсіподақтар орталығы тарапынан ұсынылды. Кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамының құқығын қорғап, еңбек дауына жол бермеу болып табылады. Шымкент қаласында еңбек дауларының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша 25227 заңды тұлға тіркелген болса, оның 16204-і белсенді жұмыс атқаруда. 2021 жылдың 6 айына 1410 ұжымдық шарт қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан мониторингтен өткізілген болса, қабылданған ұжымдық шарттардың 558-і – мемлекеттік мекемелер, 852-сі – жеке кәсіпкерлік субъектілері. Бұған дейін қаладағы ұжымдық шарттың көрсеткіші жұмыс істейтін немесе істемейтініне қарамай, есептеліп, 8,7%-ды құраған. Ал негізінде, ұжымдық шартты түзуге тек 2100 ғана кәсіпкерлік субъектілердің мүмкіндігі бар. Қала бойынша 1410 кәсіпкерлік субъекті ұжымдық шарт түзген болса, демек ұжымдық шарт жасау көрсеткіші 49,9%-ды құрап отыр.
#kasipodaqkz #kasipodaqkomektesude #ӘлеуметтікӘріптестік #ҚРКФ #Шымкент #БастауышКәсіподақҰйымыЖылы