Шымкентте кәсіподақтар Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Бүгін Шымкентте кәсіподақтар Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онлайн режимінде өткізілген отырысқа Кәсіподақтар Федерациясынан төрағаның орынбасары Нұрлан Өтешев қатысты.

Кеңес отырысы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің биыл жарты жылда атқарған жұмысының есебін тыңдаумен басталды.
Бауыржан Әлтеев хабарлағандай, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 8 салалық кәсіподақтардың филиалдарына және 5 жергілікті кәсіподақтарға біріктірілген 595 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 65 483. Жыл басынан бері 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 2193 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылды.

Ресми статистикаға сәйкес, Шымкентте 25 227 заңды тұлға тіркелген, оның 16 204-і белсенді жұмыс атқаруда. 2021 жылдың 6 айына 1410 ұжымдық шарт мониторингтен өткізілген. Қабылданған ұжымдық шарттардың 558-і мемлекеттік мекемелерде, 852 –і жеке кәсіпкерлік субъектілерінде. Белсенді жұмыс атқаратын заңды тұлғаларға шаққанда түзілген ұжымдық шарттың деңгейі 8,7% құрайды деп көрсетілген.

«Алайда, белсенді деп көрсетілген 16204 мекеменің 11283-і жұмыс жасап тұрған жоқ, сол себептен ұжымдық шарт түзе алмайды, нақты белсенді мекемелердің саны 4921. Осылайша 16204 заңды тұлғалардың тек 2821-і ғана ғана ұжымдық шарт түзе алады. Бүгінгі күні түзілген 1410 ұжымдық шарттың жұмыс істеп жатқан белсенді 2821 мекемеге шаққанда пайыздық үлесі 8,7% емес, шын мәнінде 49,9% құрау керек. Осыны ескере отырып, Шымкент қаласы бойынша ұжымдық шарттарды есептеудің пайыздық үлесін қайта қарауды ұсынамыз»,-деді Бауыржан Әлтеев.

ҚРКФ «Заң клиникасы» жобасы аясында «Татуласу орталығында» жыл басынан бері жалпы саны 78 адамға тегін кеңес берілді дегенді айтты АБК төрағасы.

«Олардың ішінде, оң шешімін тапқандары – 54, бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны 19, құқықтық кеңес алғаны – 18, психологиялық көмек алғаны – 17. Еңбек дауының басым көпшілігіне жұмысшылардың айлық жалақыны уақытында алмауы, жұмыстан шығару бойынша бұйрықпен келіспеуі себеп болуда. Егер бұларды салаға бөліп қарайтын болса, жалпы еңбек дауының 50-60%-ы білім саласына, қалғандары денсаулық, құрылыс, шағын және орта кәсіпкерлікке тиеселі»,-деді Бауыржан Әлтеев.

Отырыста сонымен қатар, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Е.Батырбеков, «Қазақстандық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы төрайымы Н.Салықбаеваның, «Shymkent Bus» БК ЖШС-дегі бастауыш кәсіподақ ұйымы Қ. Қолдасбекова, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы өкілдігінің директоры Л.Ақшегерованың баяндамалары тыңдалды.

Отырысты қорытқан Кәсіподақтар Федерациясы төрғасының орынбасары Нұрлан Өтешев шымкенттік кәсіподақтар жұмысына оң баға берді және қатысушыларды Кәсіподақтар Федерациясы Атқарушы комитетінің соңғы шешімдерінен хабардар етеді. Атап айтқанда, ол Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация мәселесі бойынша жасаған үндеуінің қоғам денсаулығына төнетін қауіптің алдын алудағы маңызына тоталып, кәсіподақ мүшелерін коронавирусқа қарсы вакцина жасауға шақырды.
«Федерацияның басты ұстанымы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру»-, деді төраға орынбасары.

Бұдан соң ол ҚРКФ-ның «ТОП резерв» байқауына тоқталды. Нұрлан Өтешев атап өткендей, жаңа жобаның мақсаты – аумақтық кәсіподақ төрағаларына кадрлық резерв құру. Осылайша болашақта бірлестік төрағалығына аталған байқау жеңімпаздары сайланады. ҚРКФ төрағасының орынбасары «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасын да таныстырып өтті. Жобаға сәйкес, кәсіподақ мүшесі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығында 10 күндік оңалтудан өте алады. Орталық ем-домы 10 түрлі тақырыптағы 10 сағаттық кәсіподақтық біліммен сабақтастырылады. Нұрлан Өтешев айтып өткендей, кәсіподақ мүшесінің жолдамаға кететін шығынды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы азайту мүмкіндігі бар.

Сөзінің соңында ҚРКФ төрағасының орынбасары Еңбек Адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауда қалалық кәсіподақ белсенділерін әсіресе, «Қазақстандық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалын еңбек дауларын шешуде Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды.