«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онлайн режимінде өткізілген отырысқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, төраға орынбасары Руслан Ақжігіт, салалық кәсіподақтар және жергілікті кәсіподақ филиалдарының төрағалары, бастауыш кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің жарты жылдық жұмыс нәтижесі бойынша есебі тыңдалды.
Бауыржан Ілімшеұлының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 8 салалық кәсіподақтардың филиалдарына және 5 жергілікті кәсіподақтарға біріктірілген 595 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 65 483. Жыл басынан бері 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 2193 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылды.
Ресми статистикаға сәйкес, Шымкентте 25 227 заңды тұлға тіркелген, оның 16 204-і жұмыс атқаруда. 2021 жылдың 6 айына 1410 ұжымдық шарт мониторингтен өткізілген. Қабылданған ұжымдық шарттардың 558-і мемлекеттік мекемелерде, 852 –і жеке кәсіпкерлік субъектілерінде. Белсенді жұмыс атқаратын заңды тұлғаларға шаққанда түзілген ұжымдық шарттың деңгейі 8,7% құрайды деп көрсетілген.
Дегенмен, 16204 заңды тұлғалардың тек 2821-і ғана ғана ұжымдық шарт түзе алады. Бүгінгі күні түзілген 1410 ұжымдық шарттың жұмыс істеп жатқан белсенді 2821 мекемеге шаққанда пайыздық үлесі 8,7% емес, шын мәнінде 49,9% құрау керек. Осыны ескере отырып, Шымкент қаласы бойынша ұжымдық шарттарды есептеудің пайыздық үлесін қайта қарау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
ҚРКФ «Заң клиникасы» жобасы аясында «Татуласу орталығында» жыл басынан бері жалпы саны 78 адамға тегін кеңес берілді дегенді айтты АБК төрағасы.
«Олардың ішінде, оң шешімін тапқандары – 54, бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны 19, құқықтық кеңес алғаны – 18, психологиялық көмек алғаны – 17. Еңбек дауының басым көпшілігіне жұмысшылардың айлық жалақыны уақытында алмауы, жұмыстан шығару бойынша бұйрықпен келіспеуі себеп болуда. Егер бұларды салаға бөліп қарайтын болса, жалпы еңбек дауының 50-60%-ы білім саласына, қалғандары денсаулық, құрылыс, шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі»,-деді Бауыржан Әлтеев.
2021 жылдың 28 сәуірінде Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығында болған үшжақты комиссия отырысына кәсіподақтар орталығымен күн тәртібіне 5 сұрақ енгізіліп, аталған 5 мәселе де бүгінгі күні өз шешімін тауып отыр.
1) Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ведомстволық бағынысты Ж.Шанин атындағы драма театр, көзі көрмейтін, нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалар және сол сиақты бірнеше мекемелердегі техникалық қызметшілердің (еден жуушы, аула тазалаушы, күзет) жұмысын аутсорсингке беру туралы бастама көтерген. Осы мекемелердің жұмысшылары, олардың ішінде мүгедектер, жалғыз басты аналар, отбасын жалғыз асыраушылар, жалдамалы үйде тұрып жатқан тұлғалар өздерінің жұмыссыз қалатынын айтып салалық кәсіподақ филиалына жүгінген. Кәсіподақтар орталығымен осы мәселе үшжақты комиссияның күн тәртібіне ұсынылып, бұл қызметтер аутсорсингке берілген жағдайда сол қызметшілерді жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныс енгізілді, бұл ұсыныс комиссияның хаттамасына енгізіліп, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына арнайы хат жолданған. Нәтижесінде үшжақты комиссияның келесі отырысында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы зерделей келе экономикалық тұрғыдан тиімсіздігіне баланысты бұл бастамадан толық бас тартқанын хабарлады. Осылайша мәселе оң шешімін тауып, 70-тен аса кәсіподақ мүшесі өз жұмыс орындарын сақтап қалды. Осы кәсіподақ мүшелері атынан кәсіподақтар орталығына бірнеше алғысхаттар түсті.
2) Сонымен қатар, үшжақты комиссияның осы отырысына қала аумағындағы бала-бақша қызметкерлері алдындағы еңбекақы қарызы мәселесі ұсынылды. Нәтижесінде комиссияның келесі отырысында қалалық білім басқармасы еңбекақы қарызының толығымен төленгенін хабарлады, мәселе оң шешімін тапты.
3) Бұдан бөлек қаладағы білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де ұсынылып, білім басқармасына осы мәселенің шешу жолдарын қарастыру тапсырылған. Комиссияның келесі отырысында қалалық білім басқармасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған қызметкерлердің еңбекақысын жоғарылату мүмкіндігі болмай отырғанын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті хат жолданғанын хабарлады.
4) Қала аумағындағы қосымша білім беру мектептері (№1, №2, №4 музыкалық мектептер, өлкетану, туризм және экологиялық орталықтары) ғимараттарының еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні, апаттық жағдайда болуы мәселесі үшжақты комиссияның 28 сәуірдегі отырысының күн тәртібіне енгізілді. Нәтижесінде үшжақты комиссияның келесі отырысында білім басқармасы бір мектептің өзге ғимаратқа көшірілгенін, бір мектеп ғимаратының құрылысы басталғанын, өлкетану, туризм және экологиялық орталықтары ғимараттарының құрылысына жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде екенін, ал бір мектепті көшіру үшін ғимарат қарастырылуда екенін хабарлады.
5) Бала-бақшалардағы кәсіподақ мүшелерінен қызметшілерге еңбекақыны көрсетілген қызмет сапасын бағалай отырып төлеу, яғни ваучерлік әдісті қайта қарау туралы ұсыныс түскен. Бұл әдіс бойынша бала-бақшаларды қаржыландыру тек бағалау өткеннен кейін жүзеге асырылатындықтан мекеменің қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтіні айтылған. Кәсіподақтар орталығымен осы мәселесі үшжақты комиссияның 28.04.2021 жылғы отырысында қарауға енгізіліп, білім басқармасымен салалық министрлікке тиісті хат жолданған.
Отырыста сонымен қатар, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Е.Батырбеков, «Қазақстандық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы төрайымы Н.Салықбаеваның, «Shymkent Bus» БК ЖШС-дегі бастауыш кәсіподақ ұйымы Қ. Қолдасбекова, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы өкілдігінің директоры Л.Ақшегерованың баяндамалары тыңдалды.
Кеңес отырысын қорытындылаған Кәсіподақтар Федерациясы төрғасының орынбасары Нұрлан Өтешев шымкенттік кәсіподақтар жұмысына оң баға берді және қатысушыларды Кәсіподақтар Федерациясы Атқарушы комитетінің соңғы шешімдерінен хабардар етті. Атап айтқанда, ол Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация мәселесі бойынша жасаған үндеуінің қоғам денсаулығына төнетін қауіптің алдын алудағы маңызына тоталып, кәсіподақ мүшелерін коронавирусқа қарсы вакцина жасауға шақырды.
«Федерацияның басты ұстанымы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру»-, деді Нұрлан Сүлейменұлы.
ҚРКФ төрағасының орынбасары «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасын да таныстырып өтті. Жобаға сәйкес, кәсіподақ мүшесі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығында 10 күндік оңалтудан өте алады. Орталық ем-домы 10 түрлі тақырыптағы 10 сағаттық кәсіподақтық біліммен сабақтастырылады. Нұрлан Өтешев айтып өткендей, кәсіподақ мүшесінің жолдамаға кететін шығынды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы азайту мүмкіндігі бар.
#kasipodaqkz
#kasipodaqkomektesude #ӘлеуметтікӘріптестік #ҚРКФ #Шымкент #БастауышКәсіподақҰйымыЖылы