“Астана су арнасы” кәсіпорнында кәсіподақтың жас мүшелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Кәсіпорында шамамен 600 жас маман бар, бұл нақты қызметкерлер санының 30%-ын құрайды.
2018 жылғы 7 қарашадағы бұйрықпен кәсіпорында Жастар кеңесі құрылып, оның құрылымы мен мүшелерінің құрамы бекітілді. Оның төрағасы”Астана су арнасы” кәсіпорнының бас директоры Табиғат Қабденұлы Зейнұлқабден. “Кеңестің мақсаты – жас қызметкерлердің жеке және кәсіби дамуына жәрдемдесу, олар үшін “әлеуметтік лифтілер” құру”, – дейді Жастар кеңесінің хатшысы Айсұлу Жұмабек.
“Астана су арнасы” кәсіпорнындағы жастар саясаты жұмысының негізгі бағыттары: кәсіпорындағы қызметкерлердің денсаулық және қауіпсіздік әлеуетін күшейту, жастарға экологиялық тәрбие беру, су және энергия үнемдеу бойынша өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған жас қызметкерлердің сындарлы ұсыныстары мен бастамаларын іске асыру, жастарды кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне тарту және жастардан кадр резервін қалыптастыру.
Осы бағыттар бойынша кәсіподақ жастары бас қосып, қызметкерлерге арналған қауіпсіздік техникасы ережелері туралы ақпаратты жеткізу жобасын құру және іске асыру, оның әдістері мен тәсілдерін ұсынудың жаңа формаларын әзірлеуді талқылайды.
Су ресурстарын үнемдеу мақсатында жастардың экологиялық санасын қалыптастыру бойынша дөңгелек үстелдер, “Эмоционалды интеллект” бағдарламасы бойынша оқыту тренингтерін өткізіп отырады.
Кәсіпорын жастары мәдени-спорттық шараларға және экологиялық сенбіліктерге, сондай-ақ салалық кәсіподақ ұйымдастыратын көшбасшыларға арналған семинарларға белсенді қатысады.
Сонымен қатар “Астана су арнасы” кәсіпорнында суды тұтыну бойынша жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру, балалар мен жастардың экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында Су мұражайы жұмыс істейді.