Теміржолшылар қандай жағдайда зейнетке ерте шыға алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің қатысуымен өткен өңірлік брифингіде теміжолшылардың зейнетке ерте шығу мәселесі сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бирифнг барысында Бауыржан Әлтеев «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына қарасты Шымкент магистральдық желі бөлімшесіндегі еңбек дауы қалай шешілгенін баяндап, ондағы жасы 60-қа жеткен қызметкерлердің белгілі бір санаттарын зейнетке ерте жіберу мүмкіндігі туралы мәлімет берді.

«Лауазымдардың жекелеген санаттары үшін зейнеткерлік жасты төмендету туралы мәселе көтеріліп жатыр. Осы мәселелер бойынша жалпы жұмыс жүргізілуде, салалық зейнетақыны кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі комиссия жол монтерлері, жасанды құрылыстарды жөндеушілер, жол бригадирлері, байланыс желісінің 60 жасқа толған электр монтерлері үшін заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін айына 30 АЕК мөлшерінде салалық жәрдемақы тағайындау туралы мәселені қарайтын болады», – деді кәсіподақ басшысы.

Аталған тәсілмен 871 адамды мерзімінен бұрын зейнетке жіберу үшін үш жыл ішінде 567 млн теңге керек.

«Компанияда 2020 жылдан бастап ерте зейнетке шығу бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Зейнет жасына 5 немесе одан да аз жыл (ерекше жағдайларда 6 және одан да аз жыл) қалған қызметкерлер ерте зейнетке шығуға үміткер бола алады. Компанияның қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, жасанды құрылыстарды жөндеушілерге, жол бригадирлеріне, байланыс желісінің 60 жасқа толған электромонтерлеріне 63-ке толғанша 30 АЕК мөлшерінде салалық жәрдемақы тағайындау туралы мәселе қаралып жатыр. Сондай-ақ, бағдарламада қызметкер жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда ротациялау арқылы ерте зейнетке шығу мүмкіндігі көзделген», – деді Бауыржан Әлтеев.

https://lenta.inform.kz/kz/temirzholshylar-kanday-zhagdayda-zeynetke-erte-shyga-alady_a3821078