Қызылордада «Covid-19 пандемиясымен байланысты әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді төмендетуде көшбасшы әйелдердің рөлі» тақыбында дөңгелек үстел өтті. Қызылорда облысының Әйелдер күші Альянсы ұйымдастырған шараға облыстағы үкіметтік емес ұйым басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар пандемия кезіндегі негізгі үш бағыттағы, еңбек қатынастары мен білім және денсаулық сақтау саласында орын алған тәуекелдер мен сын-қатерлерді талқылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшесі, Қызылорда облысы кәсіподақтарының әйелдер комиссиясы төрайымы Майра Боранбаева еңбек саласындағы өзекті мәселелер туралы өз сөзінде әйелдер еңбегі мен ананы қорғау мәселесінің заңнамалық реттелуі және қашықтықтан жұмыс істеу форматы бойынша еңбек заңнамаларының жаңа ережелері жайлы айтты. Кәсіподақ өкілі Майра Боранбаева дөңгелек үстел ұсынымдарына әйелдер еңбегін реттеу және ананы корғау мәселелері бойынша гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды күшейту, өндірісте жұмыс уақытының заңмен белгіленген режимінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету, толық емес жұмыспен қамтуды және ақы төленбейтін демалыстарды жүйелі түрде қолдануға жол бермеу, жалақы төлемдері бойынша берешекті жоюды талап ету, еңбек етуші әйелдерге, келісімдерде, ұжымдық шарттарда отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуге қол жеткізуде күш біріктіру туралы ұсыныстар берді.