Еңбек арбитражы: жұмыс беруші «M-Tехсервис» қызметкерлерінің талаптарын қанағаттандырды  

Бүгін «М-Техсервис» ЖШС-нің Маңғыстау филиалында еңбек дауын қарау бойынша еңбек арбитражы өз жұмысын аяқтады, жұмысшылар өз орындарына оралды.

Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылы 10 тамызда жергілікті уақыт бойынша 00.40 -та Жетібай мен Бозашы кен орындарында ауысым жұмысшылары жалақыны және басқа да ынталандыру төлемдерін көтеруді талап етіп, жұмысты тоқтатты.

«М-Техсервис» ЖШС МФ Маңғыстау облысы аумағында ұңғымаларды жөндеу және күрделі жөндеу бойынша іс-шараларды жүзеге асырады. Жұмысшылардың орташа жалақысы 158 мыңнан 315 мың теңгеге дейін.

Айта кетерлігі, бұған дейін, 19 және 26 шілдеде мұнайшылар компания басшылығына материалдық төлемдерді ұлғайту туралы бірқатар талаптары көрсетілген ұжымдық хатпен жүгінген.

27 шілдеде құрылған келісім комиссиясы шеңберінде тараптар жұмысшылардың талаптарын толық орындау бойынша өзара келісімге келмеді.

10 тамызда жұмыс тоқтатылған сәтте әлеуметтік әріптестермен келіссөздер жүргізу үшін кен орнына  «YNTYMAQ» кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков, Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы, сондай -ақ Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері мен «М-Техсервис» ЖШС МФ басшылығы келді.

Еңбек дауын шешу үшін процедураға сәйкес еңбек арбитражы құрылды.  Оны «YNTYMAQ» кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков басқарды.  Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы келіссөздер процесінің бақылаушысы болды.

11 тамызда таңертеңге дейін созылған келіссөздер нәтижесінде тараптар ымыраға келді. Еңбек арбитражы  жұмысшылардың талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды.

«2021 жылдың 1 тамызынан бастап «М-Техсервис» ЖШС Маңғыстау филиалы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға көтерілсін; Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне дейін барлық қызметкерлерге 20 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленсін; Мұнайшылар күніне және Наурыз мерекесіне сыйақы 10 АЕК -тен 20 АЕК -ке дейін ұлғайтылсын», – деп көрсетілген еңбек арбитражы хаттамасының мәтінінде.

Сонымен қатар, тараптар еңбек арбитражының шешімі орындалған күннен бастап үш жыл ішінде кен орнында еңбек дауларына мораторий енгізуге уағдаласты.

Еңбек арбитражының шешіміне сәйкес жұмысшылар ереуілі тоқтатылды.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 166 -бабына сәйкес еңбек арбитражының шешімі ұжымдық еңбек дауы тараптары үшін міндетті болып табылатынын атап өткен жөн.

«Келіссөздер арқылы ғана ымыраға келуге болады. Кәсіподақтар Федерациясы өкілдерінің келіссөз процестеріне қатысу тәжірибесі, егер кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болса, күрделі еңбек даулары жедел түрде еңбек ұжымы жұмысшыларының пайдасына шешіледі деп айтуға мүмкіндік береді», – деді Қайрақбай Жаңабеков.

Естеріңізге сала кетейік, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы мен Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының белсенді қатысуымен биылғы жылдың 6 және 9 тамызында Жаңаөзендегі «ТрубРемОрталық» ЖШС мен «Өзенпромгеофизика» АҚ –да еңбек даулары шешілді. Екі компанияда да келісім комиссиясы шеңберінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың ұжымдық талаптары қанағаттандырылды.

Жыл басынан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдардың қатысуымен қазақстандық кәсіпорындарда 50 -ден астам еңбек даулары шешілді. Олардың басым бөлігі еліміздің батыс аймақтарында тіркелді.