Кәсіподақтар федерациясында құқықтық сауаттылық марафоны жалғасуда

Бүгін Кәсіподақтық онлайн білім марафонының тұрақты дәріскерлері Түркістан облысы мен  «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің кәсіподақ активімен кездесті.

Алдымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысушыларға «Ем ал! Демал! Білім ал!» жобасын таныстырды. Жобаны федерацияның Атқару комитеті шілде айының басында мақұлдаған болатын.  «Ем ал! Демал! Білім ал!»   жобасы пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында жүзеге асырылады. Кейін тың тәжірибе кәсіподақтық шипажайларға таратылады. Жоба кәсіподақ мүшесіне елордада денсаулығын түзеуге және кәсіподақтар саласындағы білімі мен біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Оңалту орталығына 10 күнге келген кәсіподақ мүшесіне Кәсіподақтар федерациясының өкілдері 10 түрлі тақырыпта 10 сағаттық дәріс оқиды. Соңында арнайы сертификат табыс етіледі. Қазір өтініштер қабылданып жатыр. Орталықта 6600 түрлі аурудан емделуге болады. Тіпті коронавирус инфекциясымен ауырғандарға оңалту шаралары бар. 10 күндік оңалтудың құны 93 мың теңге. Кәсіподақтық жолдамаға кететін шығынды  МӘМС-дан қаражат тарту арқылы азайтуға болады. Егер жолдаманы топтасып сатып алсаңыздар, 30%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған», – деді Нұрлан Өтешев.

Бұдан кейін Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Людмила Голенкова еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдары мен келісім комиссиясының жұмысын тиісті еңбек заңнамаларының нормаларына сүйене отырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Ол  құқықтық білімнің ҚРКФ мен оның мүшелік ұйымдары жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Еңбек дауы –  кәсіподақ көшбасының құқықтық білімі таразыға түсетін жер. Сондықтан ол құқықтық біліммен жан-жақты қарулануы тиіс. Бүгін берілген ақпаратты сіздер тәжірибеде қажеттеріңізге жарата аласыздар деген үміттемін», – деді Людмила Голенкова.

Ал Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидалары туралы әңгімелеп берді.

«Менің дәрісім әсіресе,  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалығына  жаңадан келген әріптестерге пайдалы болады деген сенімдемін. Мұны күнделікті жұмыстарыңызда нұсқаулық ретінде қолдана аласыздар. Жалпы бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының 86%-ы жұмысынан босатылмаған, қоғамдық негізде жұмыс істеп жүр. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясының онлайн білім марафоны осы кісілерге де үлкен көмек болатынына сенімдімін», – деді Майра Боранбаева.

Бұдан соң ол қатысушыларды еліміздегі еңбек заңмаларына енгізілген соңғы өзгерістермен таныстырды.

Семинарды қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев дәріскерлер мен қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, білім марафоны аясында жыл соңына дейін түркістандық кәсіподақ мүшелері үшін басқа тақырыптар бойынша тағы екі семинар жоспарланып отырғанын жеткізді.