Кәсіподақ белсендісі екпе алу туралы пікірін білдірді

Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында індетке байланысты және екпе алуға қатысты пікірлер білдірілуде. Қалалық №6 емхананың эндокринолог дәрігері, емхананың кәсіподақ ұйымының белсендісі, Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Еңбеккер әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі Гүлжан Абсатова да ақпарат алаңында індетпен күрес мәселесі бойынша өз ойымен бөлісті.

«Әлем елдерінің індетпен алысып жатқанына бір жылдан асты. «COVID – 19» вирустық инфекция қатарына жатады яғни ауру ауа арқылы тарап, азаматтарға ауа арқылы жұғады. Бұл дертпен күресу оңай емес. Бүгінде әлемде қалыптасып отырған күрделі эпидемиологиялық ахуал сөзімізге дәлел. Өткен жылдан бері шетелдік және отандық ғалымдар дертпен күресу үшін вакцина жасау жолында көп тер төкті. Нәтиже – қуанарлық. Мамандар азаматтарға коронавирус індетінің алдын-алуға мүмкіндік беретін препараттар ұсынып отыр.  Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап, елімізде жаппай вакцинация шаралары басталды. Әр азамат екпе егу жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, вакцина қабылдауы тиіс. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға асығайық. Сонымен қатар, қарапайым сақтық шараларын ұстанайық», – деді Гүлжан Абсатова.