18 тамыз күні «Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы онлайн форматта өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарлары Гүлнар Жұмагелдиева және Нұрлан Өтешев, Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова, сондай-ақ салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Кеңес отырысында Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенованың кәсіподақтар орталығының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметі туралы есебі тыңдалды.
Бүгінде БҚО кәсіподақтар орталығы 10 салалық және 14 жергілікті, 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және 73000-нан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отыр. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны – 20814 адам, әйелдер саны – 42869 адамды құрайды.
Әлеуметтік әріптестік аясында 2021 жылғы 29 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері мен кәсіподақтардың облыстық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылып, бұл келісім үш тараптың бірлесіп жұмыс жүргізетін басты құжаттардың біріне айналды. Облыста әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың отырыстарында кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мәселелерін кешенді қарау тәжірибесі жолға қойылған. Қазіргі таңда әр деңгейдегі үшжақты комиссиялардың 34 отырысы өткізілді, соның ішінде облыстық үшжақты комиссияның 7 отырысы өтті. Бүгінгі таңда еңбек қатынастарының өзектілігін ескере отырып, ОҮК құрамы қайта қаралып, облыс әкімдігінің 2021 жылғы 23 шілдедегі №142 қаулысына сәйкес комиссияның құрамына облыстың ірі жұмыс берушілері енгізіліп, облыс әкімі төраға болып тағайындалды.
Айгүл Есекенованың айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы кәсіпорындарды ұжымдық шарттық қатынастар жүйесімен қамту ісінде бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда өңірде бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымдарының барлығында ұжымдық шарттар жасалған.
«Еліміздегі төтенше жағдай кезінде облыстағы ірі өндіріс ұйымдарының бірі «Батыс Су арнасы» ЖШС және «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ ұйымдарында кәсіподақтың ұйым басшыларымен келіссөздері мен ұжымдық шарттар негізінде жұмысшылар толық жұмыс күнімен қамтылып, жалақы толық сақталды. Сонымен қатар, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясындағы кәсіподақ ұйымдары қызметкерлеріне қолданыстағы 2019-2021 жылға арналған Ұжымдық шартқа қосымша 2020 жылы 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуден бөлек барлық жұмысшылардың жалақысын 2020 жылы – 10,6% ұлғайтты, және жұмысқа қабылдау кезіндегі жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейде белгіленуі – кәсіподақ ұйымдарының келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген шараларының бірі. Сондай-ақ, ұйым кәсіподағы компанияның «СтамГазСтрой» ЖШС және «Алем Групп» ЖШС мердігер ұйымдарында жұмысшыларға сауықтыру демалысына қосымша 80000 теңге төленуіне қол жеткізді», – дейді кәсіподақ орталығының төрайымы.
Еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі техникасының сақталуын қадағалайтын басты құралдардың бірі – өндірістік кеңестер, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар болып табылады. Облыс бойынша кәсіподақ ұйымдары бар мекеме-ұйымдарда 428 өндірістік кеңес құрылған және 733 техникалық инспектор жұмыс істейді. Бүгінгі күні еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар тарапынан 150-ге жуық тексерістер жүргізіліп, нәтижесінде 384 еңбек қауіпсіздігін бұзу фактілері анықталған. 2021 жылы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырыстарында аймақтағы «2019-2023 жылдарға арналған Өндірістік жарақаттанушылықты және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын қысқарту жөніндегі жол картасының» орындалу барысы туралы тыңдалды.
Сонымен қатар, кәсіподақ өкілдері Еңбек инспекциясымен бірлесіп еңбек қауіпсіздігінің сақталу шараларына мониторинг жасауда. Атап айтқанда көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатқан объектілерді аралап, жауапты аталған мердігер компанияларға қауіпсіздік ережелеріне қатысты ескертулер берілді.
2021 жылдың 9 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының бастамасымен еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбекті қорғауды басқару жүйесін құру, оны жүзеге асыру және жүйеге әлеуметтік әріптестік тараптарын тарту арқылы өндірістегі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету.
2021 жылдың 28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Заң клиникасының аймақтық бөлімшесі Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығынан ашылды. Бүгінгі күні клиникада 33 өтініш қаралып, 1 өтініш бойынша сотқа арыз дайындалуда. Жалпы жыл басынан бері облыстық кәсіподақ ұйымдарымен 800-ден астам өтініш қаралды. Оның ішінде еңбек заңнамасына қатысты, материалдық көмек көрсету бойынша, жалақы, біліктілікті арттыру жөнінде сұрақтар болды. Жыл басынан бері білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, мәдениет және спорт саласы бойынша 33 еңбек ұжымымен кездесулер өткізіп, еңбек қатынастарына қатысты мәселелерге мониторинг жасалды. Нәтижесінде 800-ден астам кәсіподақ мүшесінің басын біріктірген 9 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдары бой көтерді.
Отырыста кезекті сөз алған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаев 2019-2020 жылдары білім беру ұйымдарындағы барлық мамандық бойынша мұғалімдерге қойылатын біліктілік талаптары ескерілмей отырғандығы туралы жазбаша және телефон арқылы өтініштер түскенін мәлімдеді. Кәсіподақтардың тікелей қатысуымен бұл мәселелер сотқа жеткізілмей бастауыш сынып мұғалімдеріне біліктілік талаптарына сәйкес еңбекақылары жоғары педагогикалық білімдері бойынша қайта есептелініп, еңбекақыларының айырмасы төленді.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес сөз алған «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ БҚО филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Өз сөзінде салалық кәсіподақ төрағасы аудандарға 10-ға жуық іс-сапар жасалғаны, еңбек ұжымдарымен кездесулерде медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен арттыруға және сақтандыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланғаны жайында баяндады. Сондай-ақ, медицина саласы қызметкерлерін алаңдататын бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Орал қаласының «Су арнасы» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Азиля Иликпаева Кәсіподақтар федерациясының басшылығына жұмыс берушімен қарым-қатынасты реттеуге және тараптардың ұжымдық шарттың талаптарын орындауына жәрдемдесуді сұрады.
Оның айтуынша, «Батыс Су арнасы» ЖШС жұмыс берушісіне ұжымдық шарттың талаптарын біржақты өзгертуге болмайтынын түсіндіру қажет.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева өз кезегінде бұл мәселені Кәсіподақтар федерациясы қарастыратынына сендірді.
Кездесу соңында Гүлнар Жұмагелдиева қатысушыларға ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы аясындағы Кәсіподақтар федерациясының қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.
«Федерация барлық мүше кәсіподақ ұйымдарының өзара байланысын нығайту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде. Бүгінде ҚРКФ жұмысында бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге үлкен мән беріледі», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Ол бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде әлеуметтік әріптестікті нығайтуды атап өтті. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
«Біз халықаралық ынтымақтастықты нығайтудамыз. Кәсіподақтар федерациясы Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясына кіруге өтініш берді. Халықаралық еңбек ұйымымен және Ф.Эберт қорымен өзара байланыс күшейтілді. ҚРКФ өкілдері халықаралық ұйымдардың семинарларына қатысады. Шілде айының соңында ХЕҰ-мен бірге біз еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша халықаралық дөңгелек үстел өткіздік. Қазіргі уақытта халықаралық және ұлттық сарапшылармен бірлесе отырып, кәсіподақтардың ұстанымын пысықтап жатырмыз, оны РТК отырысына енгіземіз», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, Гүлнар Жұмагелдиева ұжымдық шарттардың сапасын жақсартудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ активіне көмек ретінде ұжымдық шарттар мен ұжымдық шартта көрсету қажетті минималды және ауыспалы стандарттарды жасау бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындауда.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы айта отырып, ол ЕХӘҚМ бірге қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбектің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын айтты.
Сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің құқықтық көмегі мен кәсіби біліктілігін арттырудың маңыздылығы айтылды. Бүгінгі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясының білім марафоны аясында кәсіподақ активі үшін 28 оқыту шарасы өткізілді.