Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онлайн форматта өткен отырысқа бірқатар салалық кәсіподақтардың осы облыстағы филиалдарының төрағалары қатысты.
Отырыс «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбайдың бірлестік жұмысының жарты жылдағы есебін тыңдаумен басталды.
2021 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Атырау облысында 666 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 11 салалық кәсіподақтың филиалы жұмыс істеп тұр. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 83532. Облыс бойынша 2505 ұжымдық шарт жасалған.
Әлеуметтік әріптестік бағытындағы жұмыстарға тоқталған ол биыл сәуірде 2021-2023 жылдарға арналған облыстық үшжақты келісімге қол қойылғанын жеткізді. Сонымен қатар, облыстық үш жақты комиссияның 11 отырысы өткізілгенін, бірлестіктің комиссия отырыстарының күн тәртібіне бүгінге дейін 4 мәселе енгізгенін айтты.
«Олар Теңіз кен орында еңбек шиеленістерінің туындау қатерлері, кәсіподақтардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қызметі мен Өндірістік кеңестерді құру жөніндегі бастамалары, 2023-2024 жылдары Теңіз кен орнынан босатылатын 50 мың жұмысшылардың жұмыспен қамту, ұжымдық шарттарды жасасу бойынша жұмыстарды жандандыруға қатысты болды. Біздің ұсыныстарымыз әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау тауып, тиісті шаралар ұйымдастырылуда» деді, – Еділ Ұзақбай.
Бұдан кейін ол еңбек қауіпсіздігін сөз етті. Биыл облыста 2021-2024 жылдарға арналған өңірлік «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілген. Кәсіподағы бар 657 кәсіпорындар мен мекемелерде 1194 техникалық инспектор жұмыс істеуде. 7 айдың қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындарында 28 жазатайым оқиға тіркеліпті. Салдарынан 30 адам зардап шегіп, 2-уі көз жұмған.
«Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі кәсіподағы жоқ кәсіпорындарда орын алды. Дейтұрғанмен, кәсіподақтары бар кейбір кәсіпорындарда жұмыс берушілердің жұмысшыларға еңбек қауіпсіздігіне бойынша оқудан өтті деген сертификатты оқытпай бере салғандарын анықтадық. Бұрын бұл мәселені Еңбек инспекциясы қадағалайтын. Кейін олар заңмен бұл құзыреттерінен айрылып, қоғамдық бақылау ғана қалдырылды. Салалық кәсіподақтар тарапынан тиісті дәрежедегі бақылаудың жоқтығын байқап отырмыз. Сондықтан федерация басшылығынан осы мәселені салалық кәсіподақтармен пысықтауды сұраймыз» деді, – Еділ Ұзақбай.
Облыста биыл еңбек дауларының алдын алу, болдырмау бойынша 3 семинар, әлеуметтік әріптестермен еңбек қауіпсіздігі, еңбек заңнамасын қолдану бойынша 3 дөңгелек үстел өткізілді. Салалық кәсіподақтардың ұсынысымен жеке еңбек дауларын шешетін келісу комиссиялары құрылған. Олардың мүшелері жыл сайын біліктіліктерін арттырып отырады. «Татуласу орталығы» жанында «Заң клиникасы» қызмет етуде. Биыл мұнда 1000-ға жуық тегін құқықтық көмек көрсетілді.
«Өзім 23 кәсіпорында еңбекке қатысты туындаған мәселелерді шешуге араластым» деді, – АКБ төрағасының орынбасары.
Бұдан кейін отырысқа қатысушылар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, «Қазақстандық мұнайгаз салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрайымының орынбасары Асқар Бейсенов, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы Гүлнәр Шайхашевалардың баяндамалары тыңдалды. Олар «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұхановпен қоян-қолтық жұмыс істеп отырғандарын айтып, қолдау көрсетіп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Отырысты қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев облыс кәсіподақтарының ауызбіршілігін және жұмысын жоғары бағалады. Отырыста Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы ҚБ төрағасы мен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы тарапынан бюджеттік саладағы техникалық персоналдың жалақысын көтеруге қатысты айтылған өтінішке, бұл мәселенің Кәсіподақтар федерациясының күн тәртібінде тұрғанын ескертті.
«Жалақы мәселесінде ҚРКФ-ның нақты ұстанымы бар. Федерация Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен көтеруді, меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысын индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуді, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауды ұсынуда. Өздеріңіз білесіздер, біздегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге. Халықаралық Еңбек Ұйымының стандартына сәйкес ең төменгі жалақы орташа жалақының 50% -ы болуы тиіс. Біздің елде әзірге ең төменгі жалақы орташа жалақының 20%-ын ғана құрайды. Парламент Мәжілісінде үш депутатымыз бар. Солармен бірге бұл бастамаларды алға ілгерілетеміз деген сенімдемін»,– деді Нұрлан Өтешев.
ҚРКФ төрағасының орынбасары бұдан кейін отырыс қатысушыларын «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасымен таныстырды.
Жоба кәсіподақ мүшесіне елордадағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығында 10 күн ем алуына және осы уақыт аралығында кәсіподақ жұмысына қатысты 10 тақырыпта 10 сағаттық дәріс тыңдауына мүмкіндік береді.
«Жолдама құны бар болғаны 93 000 теңге. Бұл қаржыға кәсіподақ мүшесі елордада төріндегі оңалту орталығында емделіп, демалып, кәсіподақ жүйесіндегі кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, мамандардың да біліктілігі жоғары деңгейде. Күніне 5 рет тамақтандырады. Соңында федерация жанындағы оқу орталығының арнайы сертификаты табыс етіледі. Бұл кәсіподақ мүшесі үшін үшін таптырмас мүмкіндік» деді, – ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Сөзінің соңында Нұрлан Өтешев федерацияның вакцинация мәселесі бойынша үндеу жолдағанын еске салып, кәсіподақ көшбасшыларына кәсіподақ мүшелерінің қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі үшін COVID-19 қарсы вакцина туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды.