Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Оған бірқатар салалық кәсіподақтардың осы облыстағы филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Алдымен Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов жарты жылдағы жұмысы туралы есеп берді.
Оның айтуынша, бірлестік 14 салалық кәсіподақ филиалының жұмысын үйлестіріп отыр. Облыста 1398 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, кәсіподақ мүшелерінің саны – 123 219. Жыл басынан 28 жаңа бастауыш кәсіподақ үйымы құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2112 адамға артқан. Облыста жұмыс істеп тұрған 10533 кәсіпорынның 6763-і ұжымдық шартпен қамтылған.
«Облыстағы 22 ірі және 48 орта кәсіпорындар ұжымдық шартпен 100% қамтылып отыр. Шағын кәсіпорындар саны 10463. Оларда ұжымдық шартпен қамтылу көрсеткіші 63,2% құрайды», – деді бірлестік төрағасы.
Бағлан Қарашолақов атап өткендей, биыл облыста жазатайым оқиғалар саны көбейіп тұр. 6 айда 20 жазатайым оқиға тіркеліп, оның 10-ы кісі өлімімен аяқталған.
«Облыстың кәсіподағы бар кәсіпорындарында еңбекті қорғау бойынша 1302 техникалық инспектор мен 984 өндірістік кеңес бар. «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасы мен «Халықтық бақылау» жобалары да жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда аталған жобалар «Казфосфат» ЖШС, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АҚ Жамбыл облыстық филиалы, «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның «Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясы» филиалы сияқты 7 кәсіпорын жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді Бағылан Қарашолақов.
Бірлестіктің облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия құрамында да белсенді екені және биыл маусым айында облыстық үшжақты жаңа келісімге қол қойғаны айтылды.
«Жаңа келісімде барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақ ұйымдарын құруға ықпал ету, ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесімен қамтылған кәсіпорындардың үлес салмағын 2023 жылға қарай 98,3%-ға дейін ұлғайту, өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кәсіпорындармен меморандумдар қабылдау сияқты мақсаттар көзделген», – деді бірлестік төрағасы.
Жалпы жыл басынан бері облыста үшжақты комиссиялардың 5 отырысы өткізілген. Оларда кәсіподақтар тарапынан өңірде жалақы бойынша қарызға жол бермеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шартпен қамту, жалақы мөлшерін арттыру сияқты мәселелер көтерілген.
Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында бұдан әрі «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, «Казфосфат» ЖШС-нің Жамбыл фосфор зауыты филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев және «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникова жарты жылдағы жұмыстары туралы есеп берді.
Олар бірауыздан ҚР Кәсіподақтар федерациясына кәсіподақ активтері арасында жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында апта сайын ұйымдастырып жатқан онлайн білім марафоны үшін ризашылықтарын білдірді.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ҚРКФ басшылығынан жергілікті жерде шешімін таппай тұрған бірқатар өзекті мәселелерді үкімет деңгейінде шешуге атсалысуын сұрады.
«Облыстық білім саласында 25 мыңға жуық өзге мамандық иелері бар. Олардың жалақысы ұстаздарға қарағанда 10 есе төмен. Көп дегенде 80 мың теңге алады. Бұл өз кезегінде еңбек ұжымдарында әлеуметтік теңсіздіктер тудырып отыр. Жергілікті жерде шешуге талпыныс жасағанымызбен, ештеңе бітіре алмадық. Сондықтан федерациядан осы мәселені үкімет деңгейінде шешіп беруді сұраймыз. Бұл тек біздің өңір емес, жалпы республика көлемінде өзекті болып тұрған мәселе. Ауыл ұстаздарына 25% үстемақы төленеді. Алайда бұның да саладағы басқа техникалық персоналға қатысы болмай тұр. Кәсіподақтар федерациясына осы мәселеге де назар аударуды сұраймын», – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Отырысты қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев аталған мәселенің тек білім саласы ғана емес, жалпы бюджеттік сала қызметкерлері үшін өзекті болып отырғанын еске салды.
«Бұл тек білім саласы ғана емес, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің бәріне ортақ проблема болып тұр. Федерация басшылығының қатысуымен ұйымдастырылатын түрлі басқосуларда мұны Денсаулық сақтау саласының өкілдері де көтереді. Сондықтан біздің тұрақты бақылауымызда, күн тәртібінде тұр. Біз бұл мәселені Білім министрлігі арқылы Үкіметпен және Парламент Мәжілісіне кәсіподақтардан барған 3 депутатымыз арқылы заң шығарушы билікпен шешуге тырысып жатырмыз. Біздің депутаттарымыз жақын болашақта бұл мәселені Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қарауына шығаратын болады», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Нұрлан Өтешев өз сөзінде облыс кәсіподақ көшбасшыларының жарты жылдағы жұмысына оң баға берді. «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасына ұжымдық шарттардың санына ғана емес, сапасына да база назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, қатысушыларды «Ем ал! Демал! Білім ал!» атты жаңа кәсіподақ жобасымен таныстырып өтті.