Шымкент қаласындағы «Фиркан» ЖШС-де және “Қазақтелеком” АҚ, “ҚазПошта” АҚ қызметкерлеріне жұмыс орындарындағы қауіпсіздік техникасын сақтау мәселелері, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы қазіргі проблемалар және оны шешу бойынша қабылданған шаралармен ақпараттандыру бойынша семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренингке Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бөлім басшысы Ермек Қаңлыбаев қатысты.
Семинарда өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақталу, қауіпті жағдайларды алдын ала ескерту туралы түсіндірме берілді.
Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитарлық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені түсіндірілді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру жайы талқыланды.
Айта кетейік, «Фиркан» ЖШС-де 2000-ға жуық жұмысшы істейді, оның 550-ге жуығы кәсіподақ мүшелері. Бастауыш кәсіподағы – «Yntymaq» шағын және орта бизнес қызметкерлері салалық кәсіподақ құрамында. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – Зухра Астерова.