«Аралтұз» АҚ еңбек қатынастары мәселесі талқыланды

Қызылорда облысындағы ірі өндіріс кәсіпорны саналатын «Аралтұз» акционерлік қоғамының жұмыскерлері жалақыны көбейту мәселесін көтеруде. Бұл мәселе Арал ауданында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында қаралды.

Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов төрағалық еткен жиынға облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Т.Жүсіпов, “Аралтұз” АҚ-ның өндіріс және техникалық даму жөніндегі вице-президенті Ғ.Сержанов және жауапты сала мамандары қатысты.

Комиссия отырысында тұз өндіретін кәсіпорындағы жұмыскерлердің қазіргі жалақы көлемі, қосымша әлеуметтік төлемдер, еңбек қауіпсіздігі мәселесі, жұмыс орнында жазатайым оқиғаларды болдырмау және алдын-алу бағытындағы шаралар барысы талқыланды. Компания басшылығы кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысы 2021 жылдың наурыз айынан бастап 10 пайызға өскендігін хабарлап, кәсіпорында еңбек жағдайын жақсартуға, алдағы уақытта қаржылық мүмкіндікке қарай жалақыны көбейту мәселесін қарауға жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Нәтижесінде, үшжақты комиссия тараптары жұмыскерлердің еңбек құқықтарын басты назарға ала отырып, ұжымдағы ішкі әлеуметтік-еңбек ахуалын тұрақтандыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, еңбек мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасындағы келіссөздер заңдық-құқықтық негізде жүргізілуіне жұмыс жасауға келісті.