Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби және Еңбекші аудандық полиция басқармасы басшылығының жергілікті деңгейде заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарының алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстардың ақпараттары туралы жасаған баяндамасы Қоғамдық кеңес құрамы тарапынан кері қайтарылып, келесі айға қалдырылды.
Өйткені, басқарма басшыларының орнына жақында ғана тағайындалған міндетін атқарушы қатысып, есеп бергісі келгенімен қосымша қойылған сұрақтарға дайын болмады. Кеңес төрағасы Нұрғазы Бұхарбай “кеңес отырысына тиісті деңгейінде дайындықсыз келген органның жоғары тұрған орган басшылығына арнайы хат жолдап, ескертпе беруді жөн” деп санап, ұсыныс кеңес құрамынан қолдау тауып, келесі қыркүйек айында Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығын аталған тақырыптарда қайта тыңдауды жоспарға алу бойынша ортақ шешімге келді.
Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес отырысына кеңес мүшесі ретінде онлайн режимде қатысты.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтың, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің, қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тажиеваның есептері тыңдалды.
Ең көп талқыланған білім саласы болды. Өйткені, биыл онлайн режимнен офлайн оқуға көшкендіктен, жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы мен кадрлармен толықтыру жайы, сонымен қатар, мектеп директорларын қабылдау комссиясының құрамының өзгеріп тұруы бойынша ұсыныстар айтылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру бағытының бірі ретінде өңірлердегі қоғамдық кеңестер тиісті деңгейінде жұмыстар атқарып келеді және ашық пікір айтушы алаң болып табылады.