Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.
Осындай ұлағатты ұстаздардың бірі – Алға ауданы, №3 Алға қазақ орта мектебінің химия пәні мұғалімі Каирова Светлана Болатқызы. Ол 1989 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын Алға ауданындағы Қарақобда орта мектебінде химия және биология пәні мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары Алға кәсіптік-техникалық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Ақтөбе облыстық балалар үйінде әдіскер-педагог, №3 Алға қазақ орта мектебінде директордың оқу-ісі орынбасары болып қызмет жасады.
Светлана Болатқызы өзінің кәсіби шеберлігін заманауи талаптарға сай шыңдап отыратын педагогтардың қатарынан. Ол 2015 жылы Алматы өңірлік Өрлеу институтында екінші деңгейлік курсын, 2017-2018 оқу жылдарында математика-жаратылыстану пәндеріне ағылшын тілін біріктіре оқыту курстарын тәмәмдаған. 2019 жылғы педагог мамандардың квалификациялық тестілеу нәтижесі бойынша зерттеуші-педагог атанды.
Өз ісінің шебері оқушыларын да үнемі жетістікке жетелеп отырады. Светлана Болатқызының шәкірттері аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардың, конкурстардың жеңімпаздары атанып жүр. Атап айтсақ, 2018 жылы оқушылары облыстық кіші олимпиададан ІІІ орын иеленсе, 2019-2020 жылдары облыстық пәндік олимпиада топ жарып, білім бәйгесінің нәтижесі бойынша Астана халықаралық университетінің грант иегері атанды.
Светлана Болатқызы өскелең ұрпаққа білім беру жолында қажырлы еңбегі үшін аудан, облыс көлемінде түрлі марапаттарға ие болды, Ақтөбе облыстық білім басқармасының алғыс хатымен, Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен марапатталды, аудан әкімінің грантын жеңіп алды.